Геолог ауылдық округіндегі Жайық жағалауынан «Связист» бағбаншылық қоғамының саябақшылары төрт тонна қоқыс жинады. Олар 1-31 мамыр аралығында Атырау облысының аумағында өтетін «Таза су қоймалары» республикалық акциясына бірінші болып үн қосты.
Өңірлік орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының қызметкерлері күн сайын жағалау мен өзенді браконьерлік ау құралдарынан тазалайды.
- Ауылдық округ әкімдіктері мен түрлі ұйымдарға жағалау аумағына сенбіліктер өткізу жөнінде хаттар жолдадық. Алғаш болып Геолог ауылдық округі атсалысты. Тұрғындар сенбілікке шығып, шамамен 4 тоннадай қоқыс жинады, - дейді инспекцияның бас маманы Ақжан ЗҰЛҚАРОВА. - Атыраулықтардың, еріктілердің де акцияға белсене қатысқанын көргіміз келеді. Қала сыртына демалуға шығатын жандарға өз қоқыстарыңызды тазалап, жаққан оттарыңызды сөндіру керектігін еске салғым келеді.
Тамара СУХОМЛИНОВА