Атырау, 30 қараша 02:56
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

Иран Қытай мен Ресейден көмек сұрап отыр

2 284 просмотра


Иран Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф Ресей және Қытайға сапар шегіп, ядролық келісімді сақтап қалу туралы өз елінің өтінішін білдірді. Ол бүгін Мәскеуде өткен халықаралық дипломатиялық кездесуде АҚШ пактіден шыққан соң, Тегеран ядролық бағдарламасы туралы келісімді сақтап қалуға талпынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап.

Зариф Тегеран пактісін ресейлік әріптесі, Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен талқылайды. Бұл туралы Иран Ислам республикасының мемлекеттік ИРНА ақпарат агенттігі хабарлады.

Мәскеуге дейін Зариф Пекинге жексенбі күні сапар шеккен болатын. Ирандық дипломат 2015 жылы жасалған Тегеран пактісінің маңыздылығын атап өтті. Ол Иран елінің экономикалық тұрақты дамуы мен ядролық қару шығару мәселесін тоқтатуды көздейді деді.

Лавров пен Зариф осы келісімнің АҚШ шығып кеткеннен кейінгі сақталып қалу мүмкіндігін талқылайды. Бұған дейін Мәскеу Иран келісімін қолдайтынын жариялаған болатын.

Еске сала кетейік, 8 мамыр күні АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның Тегеран келісімінен шығатынын айтты. Ол Барак Обама қол қойған келісімге «мағынасыз» деп баға берген еді. Сондай-ақ Трамп Иранға қатысты жаңа, жоғары деңгейдегі экономикалық санкцияларды енгіземін деп уәде берді.

Бірақ әлемнің өзге елдері, Германия, Франция, Британия 2015 жылғы келісімді сақтап қалғылары келетіндерін айтты. Ол келісім «біріккен жалпыкөлемді іс жоспары» деген атпен белгілі.

Пекинде Зариф Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И мырзамен кездесіп, Қытайдың бұл келісімді қолдайтынын айтты.

«Қытай объективті, әділетті және жауапты позицияны ұстанады. Осы келісім бойынша әрі қарай да АҚШ-тан басқа қол қойған елдермен тығыз қатынаста жұмыс істей береді. Өйткені, келісім көптің қалауымен, қиын жолмен жүзеге асқан еді», - деді Ван.

2015 жылғы келісім бойынша Иран уран байыту ісін азайтып, тәуелсіз агенттіктерге үнемі есеп беріп отыруға келісті. Сәйкесінше, АҚШ осы жылы Иранға жариялаған санкцияларын тоқтатқан.

Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Аракчи Германия, Франция және Ұлыбританияға 60 күн ішінде аталған келісім бойынша нақты шешімдерін жариялауды сұрады. Ол аталған Еуроодақ елдерінің Иранды Тегеран пактісі бойынша қолдайтынына тез арада көз жеткізгісі келетінін атап өтті.

15 мамыр күні Брюссельде Зариф осы үш мемлекеттің Сыртқы істер министрлерімен ресми кездесу өткізеді. Яғни, ертең Тегеран пактісінің болашағы талқыға түседі.

Трамп келісімнен шыққан соң, өткен аптада Иран шенеуніктері мен саясаткерлері тез арада ядролық бағдарламаны қайта жариялауды ұсынды.

«Иран атом энергиясы бойынша жұмыс істейтін ұйымның президентіне уран байыту ісі бойынша еш кедергісіз іс бастауына рұқсат етілді», - деген Зариф жұма күні.

Алайда еуропалық ел президенттері Тегеранды сабырға шақырды. Британия премьер-министрі Тереза Мэй Иран президенті Хасан Роуханимен телефон арқылы тілдесіп, келісім бойынша қолдау танытатынын айтты.

«Ұлыбританияның ұлттық қауіпсіздігі және Иранның қызығушылығы үшін Мэй Тегеран пактісін қолдайды. Роуханимен сөйлескен кезде келісімнің шарттарын ұстанатынын, Иранның да міндеттерін ұмытпауын атап өтті», - деді Ұлыбритания Үкіметінің ресми өкілдері.

Осы әңгіме барысында Роухани АҚШ президентінің әрекетін «заңсыз» және «жауапсыз» деп бағалап, наразылығын білдіргені белгілі болды.

Дереккөз: Baq.kz

15 мамыр 2018, 10:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.