Stat.gov.kz сайтының мәліметінше, өткен жылы 2016 жылмен салыстырғанда Атырау облысындағы құс фабрикаларында тауық саны 76 мыңға артып, 484 мыңға жеткен. Салыстырар болсақ, осы екі жылда көршілес Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіштер тиісінше 430 мың және 1,3 млн болған.
Атырау облысында екі құс фабрикасы бар: Махамбет ауданындағы «Алмалы құс» ЖШС және Жылыой ауданындағы «Бақай құс» ЖШС. Олар облыс орталығындағы және өз аудандарындағы сауда нүктелеріне 19 теңгеден күніне 240 және 90 мың жұмыртқадан жеткізіп отырады. Дүкендердегі орташа бағасы - 25 теңге.
Екі фабриканың басшылары дәндердің нарықтағы бағаларының жоғары екеніне және оны жеткізу үшін теміржол вагондарының жоқтығына қынжылыс білдіреді. Дән – тауықтардың күнделікті рационының жартысын құрайды, одан басқа соя, күнжара, жүгері дақылдары бар.
- Біз сондай-ақ 1 тонналық ыдыста тауық саңғырығын сатуды жоспарлап отырмыз - бұл жақсы тыңайтқыш», - дейді «Алмалы құс» ЖШС-нің құрылтайшысы Мұрат НАҚПАЕВ. Осы жылдың басында ол «Атырау» ӘКК-нің кәсіпорындағы үлесін сатып алып, толық қожайынға айналды. Фабрикаға әр жұмыртқа үшін 2,2 теңге көлемінде мемлекеттік субсидия төленеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА