Ирактың солтүстігіндегі Киркук қаласында жүздеген түрікмен және араб қауымдастықтарының өкілдері наразылық акциясын ұйымдастырды.
Наразылық шеруін ұйымдастырушылар Жоғарғы электрондық бақылау ұйымының бас ғимаратының алдында жиналды. Олар елде өткен сайлау қорытындысының есебін автоматты түрде емес, қолмен қайта санауды талап етті.
Айта кету керек, Ирактағы парламент сайлауында электрондық дауыс беру жүйесі бірінші рет енгізілген болатын. Бұл жемқорлықтың алдын алып, саяси науқанның таза өтуі үшін жасалған.
Алайда Ирак құқық қорғау органы өкілі электронды бақылау қызметкерлерінің кейбір сайлау учаскелеріндегі есептеуіш құрылғыларының жұмысының дұрыс өтпегенін және сайлаудың нәтижесін уақытынан бұрын жариялағанын айтып, оларды айыптады.
Еске сала кетейін, бұл Иракта «Ирак пен Леванттың лаңкестік тобынан» азат етілгелі бері алғаш рет өткізіліп жатқан саяси науқан. Ел парламентіндегі 328 орынға 7 мыңнан аса үміткер бақ сынады.
Дереккөз: 24.kz