Аргентина халқы жаппай ереуілге шықты. Елде салықтың өсуі көпшілік наразылығын тудырды. Сонымен қатар тұрғындар елдегі экономикалық ахуалды реттеу мақсатында Халықаралық валюта қорының көмегіне жүгіну туралы шешімді қолдамайды.
Ал билік төл ақша песо бағамын тұрақтандыруға әрекет жасап жатыр.
Айта кету керек, жыл басынан бері бұл валюта долларға қатысты 20 пайызға арзандады. Reuters мен Bloomberg агенттіктерінің дерегіне сай, наурыз және сәуір айларында Аргентина Орталық банкі песо құнын ұстап тұру үшін 7 млрд доллар немесе валюта резервтерінің 10 пайызын жұмсады.
Қазір елде инфляция шарықтап тұр. Наразылық акциясын ұйымдастырушылар конгресс ғимараты алдында жиналды. Ал Financial Times ел президенті Маурисио Макри Халықаралық валюта қорымен келіссөз жүргізуді бастап кеткенін хабарлады.
Алехандро Бодарт, ереуілге қатысушы:
– Шетелден алатын ақша елдің экономикасын жақсартпайды. Керісінше қарызға белшемізден батып, жағдай одан сайын ушығады.
Роберто Барадел, ереуілге қатысушы:
– Дәл осындай жағдай бірнеше жыл бұрын қайталанған болатын. Біз Халықаралық валюта қорының көмегіне мұқтаж емеспіз. Халықтың 80 пайызы бұл шешімді қолдамайды. Сондықтан бүгін осы жерде жиналып тұрмыз.
Дереккөз: 24.kz