Атырау қаласының тұрғындарына арналған ерекше сыйлық - қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан жаңа заманауи балалар спорттық-ойын кешені болды. Ауданы 500 шаршы метрге тең кешенді "Павлодарский речной порт" компаниясы әлеуметтік бағдарлама аясында Құрманғазы атындағы саябаққа салған. Бұрын "Павлодарский речной порт" осыған ұқсас нысанды Павлодардың Жаңаауыл елді мекеніне салып берген болатын.
Жайлы да заманауи жаңа кешен қауіпсіз әткеншектермен, көздің жауын алатын карусельдермен, орындықтармен және спорттық жаттығу орындарымен жабдықталған.
Компания өкілдерінің айтуынша, кешен тиісті түрде сертификатталған және түрлі жастағы балаларға арналған. Балалар ойын алаңында асыр салып ойнап жүргенде, ата-аналары жаттығу орындарында дене жаттығуларын жасай алады.
Балалар әткеншегі, карусельдері, тіпті, яхта, кеме және қамал түріндегі ойын құрылыстары келушілерді таңғалдырып жатыр, балаларға да қатты ұнайтыны белгілі.
Айтпақшы, Атыраудың кішкентай тұрғындары 1 мамыр күні-ақ нысанның ресми ашылуына орайластырылған «Достасайық» отбасылық ойын-сауық күні жаңа алаңда тербетіліп, ойнады.
Мерекеде қызықты нәрселер көп болды, балалардың би және музыкалық ұжымдары өнер көрсетті, спорттық шеберлік сабақтары, қуыршақтар думаны мен байқаулар өткізілді.
Жаз маусымы келе жатыр, қала тұрғындары енді жылы да шуақты күндерін таза ауада өткізетін болады!