Әлеуметтік желіде Индер ауданындағы бір мектеп мұғалімінің жақында Атыраудан келген комиссия туралы сезімге толы жазбасы тарады. Тексерудің қатты болғаны соншалық, қатты күйзелістен аяғы ауыр келіншек ауруханаға түсіп, ағылшын пәні мұғалімі дәлізде құлап қалған, сондай-ақ жергілікті мектеп педагогтарынан комиссияның жолына 1000 теңгеден ақша жинапты-мыс.
Бұдан әрі қобалжыған әйел дауысы «олар әдістемелік көмек беруге ме әлде «өлтіруге» келді ме?» деп сұрақ қояды. «АЖ» тілшісі аудиожазба авторын тапты. Ол расымен де аудан орталығы – Индербордағы М. Әуезов атындағы мектепте жұмыс істейді екен. Алайда мұғалім айтылған сөздерін жоққа шығарып, мектепке қояр кәнәсі жоқтығын, сол күнгі оқиғаны әзіл ретінде досына айтқанын, бірақ қалай таралып кеткенін білмейтінін айтты...
М. Әуезов атындағы орта мектеп директорының міндетін атқарушы Жаннат НАХУОВА (суретте):
- 26 сәуірде мектебімізге облыстық білім беру басқармасынан әдістемелік көмек беру, оқу процесін зерделеу мақсатында топ келді. Тексеру кезінде ешқандай мұғалімге дауыс көтеру болған жоқ. Комиссия өз жұмысын жоғары дәрежеде атқарды, құжаттарымызды қарап, мұғалімдердің сабағына кіріп, көмектерін көрсетті. Бұл жағымсыз ақпаратты әріптесімнің қайдан алғанын білмеймін. Аяғы ауыр мұғалім сол күні жұмыста болған жоқ. Ол дәрігердің қабылдауында болды. Ал ағылшын тілі пәні мұғалімі басынан бұрын инсульт алған еді. Оның қан қысымы жиі көтеріледі, дәрігерлік бақылауда тұр. Ал мұғалімдерден ешқандай ақша жиналған жоқ.
Берік ШАКИМОВ аудандық білім бөлімінің басшысы (суретте):
- Мұны тексеріс деуге болмайды, бұл - зерделеу тобы. Облыстық білім басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес, жаңартылған бағдарламаға байланысты ұстаздарға әдістемелік көмек көрсету бағытында келді. Екі күн аудандағы 12 мектепте зерделеу жұмыстары жүрді. Топтың тарапынан өрескелдік, дөрекіліктер болған жоқ. Маған ақша жинау туралы шағым да түскен жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор