27 сәуірде Атырауда «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында жаңа Береке ықшамауданында барлығы 300 пәтерлік 6 тұрғын үй – мемлекеттік қордан баспана алуға кезекте тұрғандар үшін екі коммуналдық үй (105 пәтер) мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» желісі бойынша төрт үй (195 пәтер) салтанатты түрде тапсырылды.
Облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ тапсырмасы бойынша, бұл үйлерді наурызда тапсыру жоспарланған. 2 наурызда Атырау әкімінің орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ осыған қатысты сумен жабдықтау және абаттандыруға үлгермеген мердігерлермен қызу кеңес өткізген еді. Дегенмен де, жаңа қоныстанушыларға пәтер кілттері көктемнің басқа мерекесі қарсаңында табыс етілді. Қарбаластық құрылыс жұмыстарының сапасына әсер етпеді деген үміт бар. Жаңа микрорайон теміржолдың арғы жағында, жол өтпесінен өткенде оң жақта орналасқан.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА