Енді дүние жүзі Корей Халық Демократиялық Республикасы басшысы Ким Чен Ын мен Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Иннің амандасуын аңызға бергісіз етіп әңгімелеуі мүмкін. Отыз секунд бойы алақандары ажырамаған қос басшы ресми фото кезінде қайта қол берісті.
Артынша тағы ілтипат білдірісіп, талай жылдан бері тоң болып қалған өкпе-назды ерітуге кірісті. Осы жиынға арнайы келген әлемнің 34 елінде ақпарат тарататын 3 мыңға жуық тілші әбден назар аударатындай шамада амандасқан Ын мен Иннің иін тірескен журналистер алдында кемі дипломатиялық қабілеттірінің деңгейін көрсеткені шындық. Дәл қазір жарты минут амандасқанда тұрған не бар деп сауал тастаудың өзі әбестік.
Екі елдің халқы осы сәтті қаншама жыл күтті. Былайғы кезде елеусіздеу көрінетін Пханмунджомға бірі келсе, бірі бармауы да мүмкін еді. Күдік сейілді. Құрметті қарауыл Чосон заманында королдік гвардия киім үлгісінде сап түзегені жайында да айтылып жатыр. Осы көріністердің барлығы да бүкіл әлемге бауырлас елдер бірін-бірі дос көруге ұмтылатынын байқатса керек.
Арна тілшісі Владислав Цой бұдан әрі де ақпаратпен бөлісе жатар. Дәл қазір саммит басталды. Тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсарту бейбітшілік пен ядролық қарусыздану және екі мемлекеттің қосылуы мәселесін талқылайтын болады.
Дереккөз: 24.kz