Нью-Йорк қаласының такси жүргізушілері ереуілге шықты. Бұл жолғы наразылық шеруі бұрынғыдан өзгеше. Себебі әлемге әйгілі Yellow cab жүргізушілері Убер сынды мобильді қосымшаны пайдаланатын таксистермен бірлесе көтерілді.
Айта кету керек, Нью-Йоркте 12 мың сары такси мен 2 мың жасыл түсті арнайы көлікке ғана жұмыс істеуге рұқсат берілген. Ал такси жүргізушісі болу үшін арнайы лицензия қажет болатын. Ол құжаттың бағасы 2013-ші жылы 1 миллион долларға жеткен еді. Алайда мобильді қосымшалар пайда болғалы Нью-Йорктегі такси саны 100 мыңнан асқан.
Yellow cab жүргізушілеріне әділетсіздік болмасын деп, мобильді қосымшалар өз жүргізушілерінің айлық мөлшерін төмендеткен. Алайда бұл мәселені одан әрі ушықтыра түсті.
Лал Сингх, Yellow cab жүргізушісі:
- Такси жүргізушісі лицензиясын лизингке алып, оны 10 жыл бойы төледім. Құжаттың 2000 жылғы құны 225 мың доллар болатын. Балаларымның болашағын ойлап, өзім зейнетке шыққанда рахаттанып жүрем деп ойлаған едім. Алайда қазір бәрі түбегейлі өзгерді.
Хайрави Десай, Нью-Йорк такси қызметкерлері альянсының атқарушы директоры:
- Көліктер арасында такси санына шектеу болу керек. Компаниялардың таксиге отырушыларға қоятын арнайы орташа бағасы болуы тиіс. Себебі тек солай ғана жүргізушілерге айлық бөлуге болады. Алайда Uber мен Lyft-тің жүргізушілер айлығын төмендеткені мәселені одан әрі ушықтырып жіберді. Бір жағынан Йеллоу Кәб жүргізушілеріне әділетсіздік болмасын деп есептесе керек. Ал екінші жағынан, бағаны түсіру арқылы сұранысты еселеуді көздеген секілді. Бірақ бұдан ешқандай оң нәтиже болған жоқ.
Дереккөз: 24.kz