Қызылқоға ауданы Сағыз ауылын Ноғайты өзені бөліп жатыр. Көктемгі өр суы келген кезде ауыл арасында қатынас қиындайды. Бұдан бірнеше жыл бұрын демеушілікпен жаяу жүргінші көпірі салынған. Алайда жағалауға су шығып кетіп, тұрақты пайдалану мүмкін болмай отыр. Ал көлікке арналған көпір тұрғындар үшін армандай болған.
Тұрғындар су азайғанда топырақ толған қапшықтар мен ескі дөңгелектерді қаз-қатар қою арқылы өздерінше қатынас жолын жасаған. Ал жүрісі бір сағаттан аса уақыт алатын айналма жолмен жүрмес үшін көлік жүретін көпірді тұрғындар өздері жасап алған. Өзеннің таяз тұсына үлкен құбыр тастап, топырақпен көмген. Бірақ қатты су ағысына шыдамай ол көпір жарамсыз болып қалыпты.
- Ауылда басты проблема осы болып тұр,- дейді Сағыз округі әкімінің орынбасары Нұралы ӘБИШАН. – Ауыл екі бөлікке бөлінген, бұл үлкен қолайсыздық тудырады. Сондықтан бізге көпір керек. Біз ауданға осы мәселе жөнінде хат жазып, көпірге сұраныс беріп отырмыз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен видеоны түсірген автор