Атырау, 26 қараша 07:16
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Бірін бірі толтырған

Сурет Бейнежазба
4 588 просмотра


Атыраулық есту қабілеті бойынша мүгедектерге мамандық пен жұмыс табу қиын. Өйткені жергілікті оқу орындарында мылқау адамдарға арналған сурдоаударма арқылы өтетін курстар жоқ. Солардың бірі – 37 жастағы Атырау тұрғыны Қанат ИМАНҒАЗИЕВ. Ол – мылқау, біз онымен 13 жастағы ұлы арқылы сөйлестік.

Қанаттың айтуынша, оның тұрақты жұмысы жоқ, алайда қол қусырып отырмайды, әр шаруамен айналысып, нәпақасын тауып жүр.

- Менің бір мамандық иесі болғым келген арманым бар еді. Бірақ біз сияқты мылқаулар үшін экономист, программист мамандықтар түгілі жүмысшы мамандыққа түсу өте қиын,- дейді Қанат. - Отбасымды асырау үшін пойыздарда газет саттым, жолаушыларды суретке түсіріп фотограф болып та біраз ақша таптым, қара жұмыс та жасадым. Өзім сияқты достарым да осылай күнелтеді. Кейін ақша жинап арзандау көлік сатып алдым. Бүгінде такси болып жүрмін. Клиенттермен ұлым арқылы сөйлесемін.

Қанаттың жолдасы Бақыттың да туа бітті құлағы естімейді, үшінші топ мүгедегі, жұмыссыз, бала тәрбиесімен айналысады. Иманғазиевтер отбасында үш бала бар, үшеуі де сау, құлақтары естиді. Бұл отбасыда 4 жастағы Гүлзадаға дейін ыммен сөйлеуді толық меңгерген. Әсіресе 13 жасар ұлы Бекзат кәсіби сурдоаудармашыдан кем емес.

- Қонаққа барғанда ата-анама үстел басында айтылған жаңалықтарды, әңгімелерді қимылмен көрсетіп отырамын, емханаға барғанда да мән-жайды дәрігерге түсіндіріп беремін.  Сабақтан бос болған кезімде көлкке мінген клиенттердің мекенжайын әкеме түсіндіріп беремін,- дейді Бекзат.


- Жас күнімде осындай кемшілігіммен үйленбей қаламын деген қорқынышым болды. Болашақ жарымды пойызда кездестірдім, Ақтөбеге гастрольдік сапармен кетіп бара жатыр екен. Биші еді. Ата-анамыздың батасын алып некеге тұрдық. Бір жыл бойына ақша жинап, үйлену тойымызды да өткіздік. Балаларым дүниеге келмес бұрын өзіміз сияқты саңырау бола ма деп қатты уайымдадым. Бірақ, Аллаға шүкір, үш баламды да сап сау қылып жаратты. Солардың арқасында қоғаммен тіл табысып жүрміз.

Иманғазиевтер отбасы қазір СМП-136 ықшамауданындағы анасының ескі үйінде тұрады.

- 2006 жылдан бері жерге кезекте тұрмын. Арманым сол жерге үлкен үй салу,- дейді Қанат жоспарларымен бөлісіп. - Сондай-ақ жеңіл машинамды газельге ауыстырып кірісті одан әрі көбейтсем деген ойым бар. Балаларым өсіп келеді, оларды жоғары оқу орнына түсіргім келеді.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

22 сәуір 2018, 20:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.