Сооронбай Жээнбеков Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков "Қырғыз Республикасы үкіметінің отставкасы туралы" жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі көрші ел басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.
"Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеші ҚР үкіметіне сенімсіздік білдіргені үшін ҚР Конституциясының 85-бабының 6-бөлігін, "ҚР Үкіметі туралы" ҚР Конституциялық заңының 13-бабының 1-бөлігінің 5-пунктін басшылыққа ала отырып ҚР үкіметін отставкаға жіберді", - делінген Қырғыз Республикасы президентінің сайтында. Жарлық бойынша, премьер-министр, вице-премьер-министрлері, үкімет мүшелері қызметіндегі тұлғалар ел үкіметінің жаңа құрамы құрылғанша ҚР үкіметінің мүшесі міндеттерін орындауын жалғастырады.
Президенттің жарлығы қол қойған сәттен бастап күшіне енеді. Мұның алдында Қырғызстан парламентінің Сапар Исаковтың үкіметіне сенімсіздік білдіргені хабарланған. Дауыс беру қорытындысы бойынша министрлер кабинетін отставкаға жіберуді 101 депутат қолдап, бесеуі қарсы болған.
Еске салайық, Жогорку Кенештің үш фракциясы - "Республика - Ата Журт", "Онугуу-Прогресс" және "Ата Мекен" үкімет есебін қабылдаудан бас тартқан.
Депутаттар өзекті мәселелер бойынша сұрақ қойып, нәтижесінде үкімет есебін қанағаттанарлық емес деп тапқан. Парламент Сапар Исаковты 2017 жылдың 25 тамызында премьер-министр етіп сайлаған. Сол уақытта үкімет құрамына тіркелген 103 депутаттың 97-ісі қолдап дауыс беріп, бесеуі қарсы шыққан.
Дереккөз: tengrinews.kz