АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы қосымша экономикалық санкция енгізуді кейінге қалдыруға пәрмен берді. Бұған дейін АҚШ-тағы БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли АҚШ Қаржы министрлігі Мәскеудің Сириядағы ұстанымына байланысты Ресейге қарсы жаңа санкциялар салуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Сонымен қатар кеше Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс те журналистерге әкімшілік Сириядағы химиялық шабуылдан соң Ресейге қатысты қосымша санкция салу жайын ойластырып жатқанын хабарлаған.
АҚШ президенті әкімшілігіндегі ресми дереккөздері Ресейге қарсы экономикалық санкциялар басқа да шаралармен бірге қарастырылып жатқанын растады. Бірақ, Трамптың сөзінше, бұл шараларға қатысты түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Вашингтон АҚШ президенті Ресей тарапынан салмақты себеп болмайынша қосымша санкция салуды мақұлдауы екіталай деп біледі.
АҚШ Қаржы министрлігі сәуірдің басында ресейлік 38 бизнесмен, шенеунік пен компанияға қарсы санкция салған. Санкцияға ілінгендер арасында бизнесмендер Олег Дерипаска, Кирилл Шамалов және Виктор Вексельберг, ішкі істер министрі Владимир Колокольцев, Федерация кеңесі халықаралық істер комитетінің төрағасы Константин Косачев, Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Виктор Золотов бар.
Вашингтон ол кезде санкция Ресейдің "әлемдегі, оның ішінде Украина мен Сириядағы жаулық саясатына" бола салынғанын мәлімдеген.
Дереккөз: azattyq.org