Черногориядағы президент сайлауында елдегі ең беделді саясаткер Мило Джуканович жеңіске жетті. Алдын ала ресми мәліметтерге қарағанда Мило Джукановичке сайлаушылардың 56 пайызы дауыс берді.
Осылайша ол саяси науқанның алғашқы кезеңінде бірден топ жарды. Ал оның басты қарсыласы Младен Бояничті халықтың 32 пайызы жақтаған. Жаңадан сайланған президент мемлекетті Еуропалық Одаққа кіргізуге уәде берді. Ал оппозиция Джукановичті жемкорлыққа қатысы бар әрі ұйымдасқан қылмыстық топтармен байланыста деп айыптайды.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін Мило Джуканович министрлер кабинетін 5 рет басқарды. 1998-2002 жылдар аралығында президент қызметін атқарды. Ол басшылықта болған тұста Черногория НАТО-ның құрамына кірді. Черногория президенті 5 жылға сайланады.
Биылғы президент сайлауында 7 үміткер бақ сынады. Жалпы саяси науқанға халықтың 64 пайызы қатысып, өз таңдауын жасады.
Мило Джуканович, Черногорияның жаңадан сайланған президенті:
- Берген уәдемізде тұрып, еуропалық Черногрия үшін жеңіске жеттік. Бұл халқымыздың Еуропалық Одаққа қосылуын қалайтынын тағы бір дәлелдеп берді.
Дереккөз: 24.kz