Атырау, 26 қараша 08:39
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

«Ең алдымен жоспарлау қажет»

4 518 просмотра


Атырау облысында жыл басынан бері 2576 сәби дүниеге келсе, 11 бала өлімі тіркелген. Өңірімізде ана мен бала өміріне қаншалықты көңіл бөлініп келеді? «АЖ» тілшісі «Болашақ» бағдарламасының түлегі (Оңтүстік Корея), облыстық перинаталдық орталықтың бас акушер-гинекологы Қуаныш Нысанбаевпен сұхбаттасқан еді.

- Орталыққа арналған жаңа медициналық құрылғыларға жергілікті бюджеттен қанша қаражат бөлінді?

- Орталығымыз жақсы жабдықталған. Өткен жылы осы мақсатта 99 миллион теңге бөлінсе, биыл да үлкен сома қаралып отыр.

- Жүкті әйелдер арасында дәрігер-акушерлердің өздерін дұрыс қарамайтындығына шағымданатындары бар...

- Өзім облыстың бас акушер-гинекологы болғаннан кейін, үнемі тексеріске шығып, жүкті әйелдермен жеке сұхбаттасып отырамын. Сонда байқағаным, шағымдар көбінесе ауызекі қарым-қатынас кезінде бір-бірін түсінбеуден болып жатады. Орталығымызда әр сәрсенбі сайын өтетін жиналыста қала және аудандардан келетін акушер-гинекологтар өз емханаларында тіркелген жүкті әйелдер туралы баяндама жасап, түрлі сабақтар мен лекциялар болып тұрады. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ дәрігердің айтқанын басқаша қабылдап, «емшілер бұлай айтқан» деп, дауласып жататын жүкті әйелдерді көріп жүрміз. Емшінің қамшысымен емделем деп жүріп, ауруын асқындырып алғандары болады. Мүмкін, емшілерде шынымен тылсым күш бар шығар, мендегі бір ғана өтініш - тек жүкті әйелдерді қарамауын сұраймын. Жүкті әйелдерге тек дәрігерлер көмектесе алады.

- Қазір сәбилер арасында туа бітті қандай аурулар дендеп тұр?

-Сау бала дені сау әйелден ғана туылады. Сондықтан жүктілікті жоспарлау керек. Жоспарлау алдында болашақ анасы мен әкесі дәрігердің толық тексерісінен өтіп, ауырып тұрған болса, емделген жөн.

Дәрігер ретінде байқағаным, соңғы кездері облысымызда нерв жүйесінің зақымдануына байланысты кем туған балалар көбейген. Оған көп жағдайда жоғарыда айтқанымыздай, анасының жауапсыздығы себеп болады. Жүкті әйелдер арасында есепке кеш тұрып немесе мүлдем есепке алынбастан босануға келетіндері болады. Оларға ерте есепке тұрып, дәрігердің бақылауында болу туралы аз айтылып жатқан жоқ. Әр емханаларда отбасын жоспарлау және қадағалау бөлімшелері жұмыс жасайды. Кейбір жүкті әйелдер дәрігерге «не үшін тексерілемін? Денім сау. Адам өмірін Алла береді, Алла кері алады» деп, тексерілгісі келмейді. Тағы бір жайт, баланы дүниеге әкелген соң, ең болмағанда бір жыл әйел организмі демалғаны дұрыс. Өйткені, араға 9 ай салып, босануға келетіндер бар. Осыдан кейін, әрине, бала әлсіз туылып жатады.

-Шала туылатын шақалақтардың күтімі қалай? Олардың мерзімінен ерте туылуына өңіріміздегі нашар экологияның әсері бар ма?

-Соңғы заңнамалар бойынша, салмағы 500 граммнан басталатын шақалақтар дәрігер күтіміне алынады. Бұған қажетті жабдықтардың барлығы бар. Жалпы, мерзімінен ерте туылу әлем бойынша әлі зерттеліп жатқан мәселе. Оған әртүрлі факторлар әсер етуі мүмкін: әйел бойындағы инфекция, организмнің жүктілікке дайын болмауы, гармондардың жетіспеушілігі, т.б.

Ал, экологияның әсері бар деп нақты мысалмен айта алмаймын.

- Осы орайда, сіздің орталықта ананың жатырында ұрықтың туабітті ақауын зертхана арқылы анықтап, жүктілікті дер кезінде тоқтатуға кеңес беретін генетикалық бөлімше барын білеміз. Осы генетикалық сараптаманың нәтижесі 100 пайыз алдамайды деп айта аласыз ба?

- Генетикалық бөлімшеде периниталдық диагностика жасау үшін барлық жабдықтар жеткілікті. Жүкті әйелге жасалған сараптама кезінде бойына біткен баласында генетикалық аурудың тәуекелділігі жоғары болса, жүктіліктің 16-шы аптасында баланың кіндікбауынан қан алу арқылы зертханада сараптама жасалады. Егер сараптама нәтижесі шарананың дамуындағы ауытқушылықты көрсетсе, жүктілікті үзуге кеңес береміз. Бұл жерде әрине, бірінші кезекте анасы мен туыстарының рұқсаты алынады. Сараптама қорытындысы 95 пайыз дұрыс шығады деп айта аламын.  

Өткен жылы орталығымызда сараптама жасауға келіспей, өз шешімдерімен баланы өмірге әкеліп, мүгедектігіне көздері жеткеннен кейін барып бас тартқан екі жағдай тіркелді. Генетикалық ауытқуы бар балалардың көрсеткіші биыл әлдеқайда төмендегені байқалады. Дегенмен, қазір орталығымызда туылған сәбилерде туабітті тікішектің атрезиясы (үлкен дәрет шығаратын орынның болмауы) жиі кездеседі. Өйткені, оны УДЗ арқылы анықтау мүмкін емес, себебі бала анасының жатырында әр түрлі орналаса береді. Алайда, бұл ақау болғанымен, анағұрлым қорқынышты емес. Егер дер кезінде ота жасалынса, реттеледі.

- Орталықта жүкті әйелдер қандай жағдайда кесір тілігімен босандырылады? Кесір тілігінен кейін де табиғи жолмен босанатын әйелдер болып тұра ма?

- Кесір тілігі жатырда баланың теріс келуі, баланың басы мен әйелдің жамбас өлшемдерінің сәйкес келмеуі, бала жолдасының мерзімінен ажырап кетуі және т.б. әртүрлі көрсеткіштерде жасалады.

Негізі, ғылыми деректер немесе аға дәрігерлер кесір тілігі жасалғаннан кейін ананың жатыры 6 айдан кейін толық қалпына келетінін, ал бір жыл өткен соң тағы бала босануға болатынын айтады. Бірақ  мамандар кесір тілігі жасалғаннан кейін екі жыл күтім жасауға кеңес береді.

Өз баласынан бас тартқан жағдайлар жиі бола ма?

-Орталығымызда өткен жылы нәрестесінен бас тартқан 4 жағдай тіркелді. Олар тек жасөспірімдер емес, тұрмыстық жағдайы немесе жеке басының жағдайына бас тартқан 40 жастан асқандар да бар.

Орта буын дәрігерлер анасының сәбиін емізгісі келмей, дұрыс қарамай жатқанын байқаса, бізге айтады. Тексеріс кезінде сол аналармен біз және психологтар сөйлеседі. Тастанды балалар барлық құжатымен арнайы комиссия және ішкі істер департаменті қызметкерлерінің қатысуымен заңды түрде сәбилер үйіне өткізіледі.

- Сіз болашақ бағдарламасының түлегі екенсіз. Шетелде алған біліміңізді қазіргі тәжірибеңізді қаншалықты пайдаға асырып келесіз?

-Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында тағылымдамадан өту кезінде гинекология бөлімшесінде жоғары мамандандырылған оталарға қатыстық. Қазір пайдасын көріп жатырмын.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА 

Суретті түсірген автор

15 сәуір 2018, 12:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.