Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы Солсбериде болған Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияның улану ісі бойынша тексеріс жүргізіп, Британия Үкіметінің осыған дейін жариялаған шешімін растады. Яғни, Скрипальдар «Новичок» агентінен зардап шегіп, уланған. Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы жинақтаған зерттеулер бойынша Британия Үкіметі жариялаған шешім дұрыс. Ресейдің экс-тыңшысы, полковник Сергей Скрипаль мен қызы Юлия жүйке-паралитикалық агенттен уланып қалған» деді ұйым.
Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы оқиға орнынан жинақтаған заттардың таза екенін айтты. Қауіпсіздік мәселесі бойынша сауалдарға жауапты ұйым мүшесі Фрэнк Гарднер «Новичок» деген атауды ұйымның қолданбағанын айтады. Мамандардың міндетіне кірмегендіктен, жүйке-паралитикалық агенттің шыққан тегі де анықталмағанын жеткізді.
Аталған ұйымның Скрипальдар мәселесі бойынша тағы бір құпия баяндама шығарғанын айта кету керек. Ол ұйымға мүше мемлекеттердің бәріне жөнелтілген. Ресей де Химиялық қаруға тыйым салу ұйымына мүше.
«Удың атауы мен химиялық құрамы толыққанды анықталды. Бірақ ол ұйымға мүше мемлекеттерге құпия түрде жөнелтілді. Баяндама түрінде жазылды. Бірақ көпшілікке жарияланбайды» деді ұйым мүшесі.
Ал баяндаманың ашық нұсқасын Химиялық қаруға тыйым салу ұйымының сайтынан оқуға болады. Бұл тексеріске Британия мамандары қатысты. Ал Ресейдің өкілдері жақындатылған жоқ. Бірігіп тексеріс жүргізу туралы Ресей ұсынысын да ешкім қабыл алған жоқ. Британия Сыртқы істер министрі Борис Джонсон: «Ресейден айырмашылығымыз – біз ешнәрсені жасырмаймыз. Сондықтан Химиялық қаруға тыйым салу ұйымына баяндаманың толық нұсқасын Ресейге де жіберулерін біз сұрадық» деді. Джонсонның айтуынша, аталған ұйым тестілеу жұмыстарын әлемнің ең үздік төрт зертханасында жүргізген. Олардың бәрінің шешімі бірдей болып шыққан.
Ал Ресей Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова: «Ресей сарапшыларын Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы жүргізген тексеріске қатыстырмайынша, Мәскеу Скрипальдар ісі бойынша ешқандай қорытынды шығармайды» деді.
Сондай-ақ Захаров тілшілерге аталмыш баяндамаға қатысты күдікті сұрақтардың көп екендігін, Ресей әлі де болса, бірігіп тексеріс жүргізуге ұсыныс айтып отырғанын жеткізді.
Дереккөз: Baq.kz