Моңғолияның екі бірдей экс-премьер-министрі сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды осы елдегі «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.
Моңғолияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы үкімет басшылары Санжаагийн Баяр мен Чимэдийн Сайханбилэгті 10 сәуір күні қамауға алған болатын. Олар «Оютолгой» жобасы бойынша ел үкіметі мен «Ivanhoe Mines Mongolia Inc», «Ivanhoe Mines Limited» және «Rio Tinto International Holdings Limited» компанияларының арасында 2009 жылғы 6 қазандағы инвестициялық келісім және акционерлер туралы шарт жасалғанда, 2015 жылдың 18 мамырында жерасты кен орындарын игеру және қаржыландыру жоспарын бекіткенде өздерінің өкілеттігін және мансабын пайдаланып, заңсыз шешімдер қабылдап, үкіметке зиян келтірген болуы мүмкін деген күдікке ілінген.
Бүгін сот отырысында оларды қамауда ұстау уақытын 30 күнге ұзарту туралы шешім қабылданды. Күдіктілер сот мәжілісіне онлайн режимінде қатысқан. Бұл туралы үкімет басшысы қызметін атқарған Санжаагийн Баярдың ақтаушысы А.Ариунаа БАҚ өкілдеріне мәлім еткен.
«Сот отырысында менің қорғауымдағы Санжаагийн Баярды 1 айға қамау туралы шешім шығарылды. С.Баярды 10 сәуір күні 18 сағатта соттың рұқсатынсыз тұтқындады. Тұтқындауға негізгі себеп - қылмыс оқиғаларының ізін, дәлелін жоюдың алдын алу. Мен бұған қарсылық танытып, шағымдандым. «Оютолгой» келісім шарттарына байланысты барлық материалдар қазір Кабинет Хатшылығының мұрағаты, Парламент архивтерінің және Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің мұрағаттарының барлығында сақтаулы. Осыған қарамай аталған келісім шартқа байланысты материалдарды жоюы, тасымалдауы және қайтадан заң бұзуы мүмкін деген желеумен тұтқындауға (Санжаагийн Баярды - ред.) құқықтық негіз жоқ», - деді ол.
Ал экс-премьер Санжаагийн Баяр: «Бүгін мені 1 айға қамауға алғаны маңызды емес. Маңыздысы - әлем елдерінің алдында екі бірдей бұрынғы үкімет басышысын қамауға алу арқылы моңғол елінің бет-беделінің түсуі. Осыдан соң «Оютолгай» акциясының құлдырау мәселесі туындауы мүмкін. Бұл Моңғолия экономикасына кері әсер етеді. Алдымен осы жағын жақсылап ойлаңыздар», - деді.
Естеріңізге сала кетейік, Санжаагийн Баяр 2007-2009 жылдары Моңғолия Үкіметінің басшысы болып қызмет етсе, Чимэдийн Сайханбилэг 2014 - 2016 жылдары ел үкіметін басқарған.
Дереккөз: inform.kz