10 сәуірде құқық қорғау органдары Бекіре-2018» акциясы аясында Жайық өзені бойына рейдке шықты. Торуылға шыққан қос кеменің алдыңғысында Атырау облыстық ІІД-нің балық қорын қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімі қызметкерлері болса, келесі кемеде аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы инспекторлары мен «АЖ» тілшісі болды.
Күндізгі уақыт болғандықтан ба, рейд барысында аса ірі құқықбұзушылықтарға куә болмадық. Тек полицейлердің жолы болғандай: олар браконьерлікпен күдіктелген екі адамды ұстады.
ІІД-нің балық қорын қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімі бастығының орынбасары Аманжол ЖУКАНОВ:
- Өзеннен теңізге өтер бағыттағы Жамбыл ауылы тұсында қолдан жасалған қайыққа отырған екі жігіт полиция катерін көріп қаша жөнелді. Алайда, «Бүркіт» жасағы дереу артынан қуып жетіп құрлықта қамыстың арасынан қолға түсірді.
Біз оқиға орнына жеткенімізде оларды қаруланған арнайы жасақтың төрт жігіті қоршап тұрды. Алайда күдіктілер заңсыз балық аулауға шықты деген айыппен келіспейтінін, өздері мал іздеп шыққандарын айтып ақталды. Қайық та олардікі емес-мыс. Дегенмен олар отырған қайықтан балық аулау құралдары табылды. Күдіктілерге аса қорғалған аймақтан заңсыз балық аулағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, жүзу құралы тәркіленді.
Бұдан соң рейдке қатысушылар өзеннің теңізбен шектесетін жеріне дейін барып кеңістікті дүрбімен бір шолып шықты. Бұл жақта кооперативтердің рұқсатпен жүрген қызметкерлерінен басқа заңсыз балық аулап жүрген жан көрінбеді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор