Атырау облысындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының бес гектар жері отқа оранды. Қорықтың сулы-балшықты алқабындағы қамыс өртеніп жатыр, тілсіз жауды ауыздықтауға резерваттың 40 инспекторы жұмылдырылды.
Құстың 300-ден астам түрі мен 100-ден астам жануар мекендейтін қорықтағы қамыс өрті 8 сәуірге қараған түнде басталды.
Әсел ҚАЛЖАНОВА, Атырау облыстық орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын аймақтар бөлімінің басшысы:
- Бұл – балшық-сазды жер, техника жете алмайды, сондықтан өртті резерват инспекторлары өз күштерімен сөндіріп жатыр. Соңғы деректер бойынша өрт ауқымы 5 гектарды құрайды. Елді мекендерге қауіп жоқ.
Өрт себептері анықталып жатыр. Тілшінің ТЖД-ға ахуалға байланысты маман пікірін білу үшін соққан қоңырауына "9 сәуірде сағат 15.00-ге дейін резерваттағы өрт туралы хабарлама түскен жоқ" деп жауап берілді. 9 сәуір күні кешке теңіз жақтан көрінген түтін сейілген жоқ, яғни, өртті сөндіре алмай жатса керек.
Фархат ӘБІЛОВ