Атырауда 9-10 сәуірде Махамбет атындағы облыстық театр сахнасында «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі ұсынылады. Мұнай астанасының тұрғындарына бұл сыйлықты «Аstana Musical» театрының ұжымы тарту етіп отыр.
- Айтпақшы, Төлегеннің рөлін жерлестеріңіз, Жылыой ауданының тумасы Игілік Оразалы, ал Қыз Жібек рөлін Инабат Ризабекова сомдайды. Жас актерлар өз таланттарымен сіздерді қуантады деп үміттенеміз, - деп атап өтті брифинг барысында театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Асхат МАЕМИРОВ. Ол жетекші рөлдердің басқа орындаушыларын да таныстырып өтті. Астаналық ұжым актерлік шеберліктерін ғана емес, вокал, би өнері, сондай-ақ, акробатикалық трюктер де көрсетеді. Екі жыл бұрын құрылған театр Еуропаның бірнеше елінде өнерлерін паш етіп үлгерген. Енді бұл музыкалық қойылымды Қазақстанның барлық өңірлерінде көрсету жоспарланып отыр. Атырауда басталу уақыты – сағат 19.
Меншікті ақпарат