"Украина 23 ресейлікті Ресейде саяси себеппен сотталған украиналықтарға айырбастауға дайын" деп мәлімдеді Украина Жоғарғы Радасының бірінші вице-спикері Ирина Геращенко "112 Украина" телеарнасының эфирінде.
Ол Ресей азаматтары Украинаның аумақтық тұтастығына қарсы қылмыс жасады деген айыппен жазасын өтеп жатқанын айтты. Олар Украина шығысындағы қарулы қақтығысқа қатысқаны үшін ұсталған.
Геращенко бұған дейін Facebook-те Киевтің украиналық саяси тұтқындарға Ресейдің 20 азаматын айырбастауға дайын екенін жазған. Ол украиналық режиссер Олег Сенцов және Қырым белсендісі Александр Кольченко босатылады деп үміттенетінін айтқан.
Ресей арнайы қызметі Сенцов пен Кольченконы 2014 жылы Қырымда ұстаған. Олар түбекте "террорлық акт ұйымдастырмақ болды" деп айыпталған. 2015 жылы тамызда Ресейдің Дондағы Ростов қалалық соты Сенцовты 20 жылға, Кольченконы 10 жылға соттаған. Екеуі де өздеріне тағылған айыпты терістеген.
Ресейлік "Мемориал" құқық қорғау ұйымы Сенцов пен Кольченконы саяси тұтқын деп таныған. Ресей билігі Сенцов пен Кольченконы "терроршылар және экстремистер тізіміне" қосқан.
Дереккөз: azattyq.org