2017 жылы Атырау облысында мемлекеттік тұрғын үй қорынан 206 адам үй алған. Бүгінде облысымызда апатты 65 көппәтерлі үй мен жатақхана бар. 164 елді мекеннің 36-сы орталық су жүйесіне және 34-і газ желісіне қосылмаған. Бұл туралы брифингте Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Марат ИҒАЛИЕВ мәлімдеді.
«АЖ» сұрақтары:
- Облысымызда мемлекет есебінен үй алуға неше адам кезекте тұр?
- 2018 жылдың 1 қаңтардағы есеппен - 24 710 адам. Оның ішінде: жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған – 1 385 адам, әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын отбасылар – 9 812, мемлекеттік және бюджеттік мекемелер қызметкері - 13062 және 451 апатты үйлер тұрғындары.
- Өткен жылы апатты деп танылған неше үй күрелді? Оларға үй берілді ме?
- 2017 жылы 16 пәтерлі 1-ақ үй күрелді. Оларға Нұрсая ықшамауданындағы жаңа үйлерден пәтер берілді.
- 2017 жылы Верхний өткелі №1,3 үйлерін, Досмухамбетов көшесі, №15, А.Құнанбаев, №13, Гагарин, №124 мекенжайларындағы жатақханаларды күреу жоспарланған болатын. Алайда бұл жоспар орындалған жоқ. Себебі не?
- Бюджеттен қаражат бөлінбеуіне байланысты кейінгі уақытқа қалдырылды.
- Қызыл үй, Жасқайрат, Тасқұдық, Саркөл, Сарқұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы, Кенбай ауылдарының тұрғындарына газ қашан жетеді?
-Жұмыстар 2019-2020 жылдары аралығында жүргізіледі деп жоспарланған.
- Азғыр ауылы электр энергиясын Ресейден алып отыр. Бұл ауыл тұрғындары қашан Қазақстандық электр жүйесімен қамтамасыз етіледі?
- Бүгінде Азғыр елді мекені электр энергиясын Ресей Федерациясынан 110 кВ әуе желісімен алып отырғандығы рас. Алайда қазір ұзындығы 205 шақырымды құрайтын «Ганюшкино-Асан» электрлі әуе желісін жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Жоба бойынша 10 елді мекенге электр желісі тартылады. Жобалау жұмыстары ағымдағы жылы аяқталып, жоспарға сәйкес қаражат бөлінуіне байланысты құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор