Facebook әлеуметтік желісі ресейлік қолданушылар ашқан және "тролль фабрикасы" деп аталатын Интернет зерттеулері агентттігімен байланысы бар жүздеген аккаунт пен парақшаларды жапты. Бұл жайында Facebook арнайы мәлімдеме таратты.
Мәлімдеме бойынша, жойылған материалдардың көбі Федералдық ақпарат агенттігіне тиесілі болған. Facebook мамандары оларды АҚШ-та америкалық сайлау процесіне киліккені үшін қылмыстық тергеуге алынған Интернет зерттеулері агенттігімен "технологиялық және құрылымдық жағынан астасып жатыр" деп тапқан.
Facebook-тің негізін салушы Марка Цукерберг "агенттік әлемде адамдарды алдап, санасын улағанын" және компания олардың материалдары Facebook-те жарияланғанын қаламайтынын айтты.
Reuters агенттігіне берген сұхбатында Цукерберг бұл шешім Facebook мамандары жүргізген тергеуде анықталған, Интернет зерттеулері агенттігі бақылап, басқаратын интернет қолданушылар мен ұйымдарға қатысты екенін айтты. "Біз адамдардың жалған аккаунттар ашуына жол бермейміз. Егер сіз үнемі оларды ашып, манипуляциямен айналысатын болсаңыз, онда біз ережеміз бойынша барлық аккаунтыңызды жабамыз" деді Цукерберг.
Жойылған аккаунттар мен олардағы материалдардың көбі - орыс тілінде.
Федералдық ақпарат агенттігінің жетекшісі Евгений Зубарев Facebook-тің шешімін "саяси цензура орнату" деп атап, Ресей басшылығына компанияның бұл әрекетіне жауап беруге шақырған үндеуін жариялады.
Дереккөз: azattyq.org