«Халық губернаторы» атағының арқасында Аман Төлеевтің резиденциясы, қызметтік бөлмесі, көмекшісі және ай сайынғы жалақысы сол күйінде сақталады. Бұл туралы РФ президентінің Сібір федералды округіндегі өкілі Сергей Меняйло айтып берді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі РИА Новости сайтына сілтеме жасап.
«Заң қабылданды, өз күшіне енді», - деп мәлімдеді Меняйло.
Естеріңізге сала кетсек, 25 наурызда Ресейдегі Кемеровода «Зимняя вишня» сауда орталығынан өрт шығып, 64 адам, соның ішінде 41 бала қаза тапты. Зардап шеккендер саны 79 адамға жетті.
73 жастағы Аман Төлеев Кемеров облысын 1997 жылдан бастап басқарып келеді. Оның губернатор ретінде өкілеттігі 2020 жылы тоқтауы тиіс еді. Бүгінге дейін ол 93,5-96,69 процент дауыспен төрт рет қайта сайланған-ды.
«Зимняя вишня» сауда орталығында болған өрттен кейін губернатор Путинмен өткен жиналыста митингке «барлық оппозициялық күш» пен «үнемі шатақ шығаратындардың» келгендерін айтты. Төлеевтің айтуынша, бұл адамдар осындай митингтер арқылы өздерінің проблемаларын шешіп алмақ. Осыдан кейін губернатор халыққа 10 минуттық видео үндеу жолдап, осының барлығын белгісіз адамдардың мақсатты түрде ұйымдастырып отырғандарын айтты.
Дереккөз: Baq.kz