Құлсары қаласындағы Жазықбаев атындағы №16 мектеп ҚР мемлекеттік сатып алу сайтында резіңке сойылмен және металл іздегіштермен жарақтанған күзетшілері бар екі пост сұраған болатын.
Оқу орны күзет ұйымын жалға алатынын және оның қызметі үшін жылына 2 млн теңге беруге уәде еткені туралы хабарландыру «Мүлікті және адамдарды қорғау/патрульдеу қызметтері» бөлімінде жарияланды. Онда мынадай талаптар қойылған: мектеп аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жедел әрекет ету топтарының болуы, бастысы – оқушылар мен педагогтардың өмірін, денсаулығы мен мүлкін қорғау.
«АЖ» тілшісі №16 мектеп директоры Назгүл ШАРҒАБАЕВАҒА хабарласты.
- Сіздің хабарландыруыңызды көріп, сәл таң қалдым. Атырау мектептерінде, мәселен, кәсіби күзетшілер жоқ.
- Ал колледждер мен жоғарғы оқу орындарында бар. Біз де соны ұстануға шешім қабылдадық. Қауіпсіздікті кәсіби мамандардың қамтамасыз еткені жаман ба?
- Сіздерден кейін Қосшағыл ауылының мектебі мен Құлсарыдағы №17 мектеп те күзет қызметіне өтініштер берген...
- Иә, өйткені біз бір-бірімізбен бөлісеміз. Егер оң тәжірибе бар болса, біз оны қабылдаймыз.
- Мүмкін, бұл қылмыстың көбеюіне байланысты шығар?
- Бізде қылмыс жоқ. Біздің мектеп тыныш, балалар салмақты. Кәсіби күзет болса, жақсы болар еді деп шештік. Дәліздерге және аумаққа бейне камералар орнатып жатырмыз. Әкімдіктен не сұрасақ, бізге беріп жатыр.
- Демек, сіз мұны алдын-алу мақсатында және өз бастамаларыңыз бойынша жасап отырсыз ғой?
- Иә-иә. Ауданның бұған еш қатысы жоқ.
Шынымен де, бастама солардан түсіп отыр екен. Бұған Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нұрадин ӨМІРБАЕВТЫҢ комментарийі дәлел болады:
- Бұл хабарландыру туралы бізге ешкім ескерткен жоқ, бірақ Құлсарыда күзетілетін мектеп болатыны жақсы екен. АҚШ-та психикалық науқас жандар қаруланып, мектепке кіріп кеткен қанша жағдай болды. Біз балалардың қауіпсіздігі үшін ақша үнемдемеуіміз керек.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ