Атырау, 26 қараша 08:53
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Балық аулау маусымы басталды

Сурет Бейнежазба
4 281 просмотра


1 сәуір - 31 мамыр аралығында еліміздің батыс аймағында дәстүрлі «Бекіре- 2018» кең ауқымды балық қорғау акциясы өтеді. Акция барысында браконьерлік «қаупі» ықтимал деген жерлерде 17 бақылау-тексеру бекеті ұйымдастырылады. Бұл жөнінде өткен брифинге ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының м.а Марлен АЙНАБЕКОВ мәлімдеді.

Осы бекеттерде 63 мемлекеттік инспектор мен 19 су құралы, 20 көлік пен тікұшақ жұмыс жасайды. Оған 232 полиция қызметкері мен 13 катерімен теңіз шекарашылары қосылады.


«АЖ» сұрақтары:

- Акция кезінде Исатай ауданы Жанбай ауылын бақылау қалай болмақ?

Сұраққа Атырау облыстық ІІД балық қорын қылмыстық әрекеттерден қорғау бөлімінің бастығы Серик ЖАНУЗАКОВ жауап берді:

- Исатай ауданы, оның ішінде Жанбай, Зинеден, Амангелді ауылдарын «Бүркіт» арнайы әрекет ету тобының 25 сарбазы күзететін болады. Сонымен қатар билік өкілдері де халықпен кездесіп, профилактикалық шаралар өткізеді. Браконьерліктің жолын барынша кесетін болатынбыз.

- Өткен жылы Каспий теңізінде ұсталған Жанбай селосының 4 жігітінен 1105 кг балық тәркіленген болатын. Сол кезде мемлекетке келген шығын көлемі алдымен 378 млн теңге деп хабарланғанымен, сот кезінде 252 млн тенге болып өзгерді. 126 млн теңге қайда кетті?

- Шығын көлемін құқық қорғау органдары ҚР АШМ бекіткен «Жануарлар дүниесіне келтірген шығынды өндіру» ережесіне сәйкес белгілейді,- деп жауап берді Жанұзақов. – Сонымен қатар,  «Ақжайық» резерваты сияқты ерекше қорғалатын аймақтарда ауланған балықтың шығыны басқа жерлерге қарағанда жоғары есептеледі.


- Демек «Ақжайық» резерваты мен Каспий теңізіндегі бекіренің бағасы әртүрлі болады?

- Дәл солай!

- Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының 14 қызметкері мемлекеттік тесттен өте алмай, жұмыстан босатылған еді. Осыған байланысты акция кезінде қызметкерлер жетпей қалмайды ма?

Сұраққа инспекция басшысы Данияр БАЙМАҒАМБЕТОВ жауап берді:

- Біздің инспекцияда қазір 22 бос жұмыс орны бар. Жұмысқа қабылдау жүріп жатыр. Жақын арада орнын толтырамыз. Жалпы,қызметкерлер толық жетеді, бұл жағынан ешқандай қиындық жоқ.

Фархат ӘБІЛОВ 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

2 сәуір 2018, 16:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.