Ресей үкіметі қаржыландыратын Russia Today (RT) телеарнасы 1 сәуірге қараған түні Вашингтонда хабар таратуды тоқтатады.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, телеарнаны Вашингтонда ретрансляция жасайтын WNVT және WNVC станциялары жұмысын тоқтатады.
Телеарна сонымен қатар жергілікті кабельдік жүйеден де шығарылады. RT бас редакторы Маргарита Симоньян телеарна Вашингтондағы жұмысын екі платформада жалғастыратынын мәлімдеді. Ол телеарна хабар таратуды АҚШ-та "шетел агенті" деген статус алғандықтан тоқтататынын айтты. Телеарна былтыр қараша айында АҚШ билігінің талап етуі бойынша "шетел агенті" ретінде қайта тіркелген.
2017 жылы қаңтарда АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы америкалық сайлау жүйесіне Ресейден кибер шабуыл жасалғаны туралы баяндама жариялаған. Онда Ресей АҚШ-тағы президент сайлауына хакерлер мен БАҚ, оның ішінде RT телеарнасы мен Sputnik агенттігі арқылы килікті деп айыпталған. Баяндамада олар "үгіт-насихат машинасы" деп аталған.
Құжатта Кремльге бағынышты БАҚ пен "трольдер" деп аталатын желі интернетте сайлауға ықпал ететін ресейлік үгіт-насихат жүргізгені айтылады.
Дерекккөз: azattyq.org