Таиландтың Так провинциясында Мьянмадан шыққан 47 жолаушысы бар автобус өртеніп, 20 адам қаза тапты. Олардың барлығы еңбек мигранттары болған, деп хабарлайды The Nation газеті.
Таиландқа заңды түрде келе жатқан 47 мигрант мінген автобус жұмаға қараған түнде шамамен 00:00-де өртке оранған, себебі белгісіз. Апаттан аман шыққандардың сөзіне қарағанда, өрт салонның ортасында тұтанып, көзді ашып-жұмғанша автобустың артқы бөлігін шарпыған.
Сондықтан артқы орындықтарда отырғандар сыртқа шыға алмаған. Жүргізуші автобусты шұғыл тоқтатып, әйелімен бірге сыртқа шыққан, артынша көмекші жүргізуші, сондай-ақ 24 жолаушы шығып үлгерген.
Газеттің хабарлауынша, 20 адам тірідей жанып кеткен. Қайғылы оқиға бойынша тергеп-тексеру жүріп жатыр.
Дереккөз: inform.kz