Еуропа Одағы Ресей тарапынан алдағы уақытта тағы да орын алуы мүмкін келеңсіздіктерге сақадай-сай болудың қамына кіріскен сыңайлы. Өткен жылдың қыркүйек айында Ресей өзі ұйымдастырған әскери жаттығу кезінде мыңдаған әскері мен әскери жабдықтарын Еуропа шекарасына кіргізген.
"Еvrensel.net" ақпарат агенттігі "Еуропа Одағы алдағы уақытта да осы тектес келеңсіздіктер орын алмас үшін ЕО-ға мүше елдер арасында "Әскери Шенген" жобасын құруда" , - деп хабарлайды.
Қауіпсіздік саласына бұрынғыдан да басымдық беріп, оның құрылымын өзгертуді мақсат еткен ЕО, Ресейдің соңғы жылдары түрлі қауіпті "ойындарға" түрткі болуына байланысты,"Әскери Шенген аймағын" құратынын жариялады.
ЕО Комиссиясы әскери құрал-жабдық пен әскери бірліктердің Еуроодаққа мүше бір елден екінші елге өтерде кедергіге ұшырауына, әскери мобильділікті жеңілдететін инфрақұрылымның жоқтығына байланысты осындай шешімге бекінген.
Жоғарыда аталған ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ЕО сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты Жоғары өкілі әрі Еуропалық Комиссияның вице-президенті Федерика Могерини Одақ ішіндегі әскери мобильділік жеңілдетілген жағдайда әскери шиеленістерді бұрынғыдан әлдеқайда тиімді әрі жылдамырақ шешуге болатынын айтқан.
Аталған жобаның басты мақсаты ретінде әскери құрал-жабдықтардың бір аймақтан төтенше оқиға орын алған екінші аймаққа өте жылдам түрде жеткізуіне мүмкіндік жасау, танк және соған ұқсас әскери көліктерінің кедергілерге ұшырамастан, діттеген жеріне жетуіне мүмкіндік беретін көпір, жол және тунельдерді қамтитын инфрақұрылым жасау қарастырылған.
Мамандар "Әскери Шенген" бастамасының жүзеге асырылуы үшін НАТО мен ЕО арасында нақты ынтымақтастық керек. Өткен жылы АҚШ күштерінің Румыния мен Болгарияның (Екеуі де НАТО мүшесі) шекарасында төлқұжат пен қару-жарақ тексерісі үшін екі сағат күтуге мәжбүр болғаны "Әскери Шенген" жобасына деген қажеттілікті көрсетеді" , - деп отыр.
Саясаткерлер де, қауіп пен қатерге қарсы шара қолдану үшін НАТО күштерінің ең аз дегенде Ресей бірліктері сияқты, тіпті олардан да жылдам әрекет етуі керектігін шегелеп айтуда.
Қысқасы, жоба жүзеге асырылғаннан кейін әскери бірліктер мен құрал-жабдықтар ЕО-ға мүше бір елден екіншісіне немесе шекаралық аймақтарға қазіргіден аса жылдам жеткізілмек.
Байқап отырсақ, "Әскери Шенген" Қырғиқабақ соғысынан (Суық соғыс) кейін әскери ынтымақтастық саласында барған сайын беделі түскен әрі Қырымды басып алғалы бері Ресей тарапынан туындауы мүмкін келеңсіздіктерге алаңдаулы НАТО-ның талабымен жоспарланған.
НАТО-ның бұлай алаңдауына құрамындағы көп елдің Ресейдің әскери бірліктері сияқты өте оперативті барлау жасап, жылдам қимыл көрсету қабілетіне ие еместігі негіз болған сияқты.
Дереккөз: “The Qazaq Times”