Ресей Кемероводағы "Зимняя вишня" сауда үйіндегі өрттен қаза тапқандарды аза тұтып жатыр. Елде наурыздың 29-ына дейін қаралы күн жарияланған.
Ресей төтенше жағдайлар вице-министрі Владлен Аксенов наурыздың 28-і күні "өрттен кейін бірнеше адам із-түссіз жоғалды" деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын, апаттан 64 адамның көз жұмғанын, олардың 41-і бала екенін айтты.
Ресей үкіметі жарақаттанғандар саны 76 адамға өскенін, олардың 25-і ауруханада жатқанын хабарлады. Қаза тапқан 27 адамның кім екені анықталып, мәйіттері туысқандарына берілген. Наурыздың 28-і күні 21 адам жерленгені хабарланды.
Төтенше жағдайлар министрлігі қалған құрбандардың кім екенін анықтау үшін ДНК сараптамасы керектігін, оның қортындысы екі аптадан кейін шығатынын мәлімдеді.
Ресейдің әр қаласында мыңдаған адам өрт құрбандарын аза тұтып, орталық алаңдарға гүл шоқтарын қойып жатыр. Наурыздың 28-і күні Ресейде тулар төмен түсірілген. Елдің қайта сайланған президенті Владимир Путин наурыздың 27-сі күні Кемеровоға сапарында "апатқа кінәлілар жазаланатынын" айтты.
Наурыздың 27-і күні жүздеген адам Кемероводағы орталыққа шығып, өрт себептерін әділ тексеруді, аймақ билігінің отставкаға кетуін, Путинмен кездесуді талап етті. Наразылар "Коррупцияны тоқтат", "Биліктен кет", "Шындықты айтыңдар" деген плакат-баннерлер ұстап шықты.
Кемерово облысының бірінші вице-губернаторы Владимир Чернов наурыздың 27-і күні Кемеровода өрт себептерін шынайы және ашық тергеп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап еткен стихиялы митингті "биліктің беделін түсіруді көздеген, ұйымдастырылған акция" деп мәлімдеді.
"Ол жерде не болып жатқанын түсінбейтін қызба жастар көп болды" деді Чернов. Вице-губернатор сонымен қатар облыс губернаторы Аман Тулеевтің митингіге жиналған жүздеген адамның алдына шықпағанын "дұрыс" деп атады.
Кемероводағы өрт құрбандарын еске алу шаралары Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Қазақстанның Астана, Алматы, Петропавл қаласында өтті. Беларусь президенті Александр Лукашенконың бұйрығымен наурыздың 28-і күні елде тулар төмен түсіріліп, телеарналарда ойын-сауық бағдарламалар мен концерттер кейінге шегерілген.
Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Кемероводағы өрттен кейін елдегі сауда орталықтарды тексеруге тапсырма берді.
Кемероводағы "Зимняя вишня" сауда және ойын-сауық орталығындағы өрт 25 наурыз күні күндіз болған. Ресми мәлімет бойынша, өрттен 64 адам қаза тапқан. Өрттің неден шыққаны әлі белгісіз.
Дереккөз: azattyq.org