Соңғы жылдары Атырауда қарғалар көбейіп кетті. Қала тұрғындары үшін бұл жағымды жайт деп айтуға болмайды. Қанаттылардың көбею себептері туралы «АЖ» тілшісі облыстық аңшылар мен балық аулаушылар қоғамының бас орнитологы Александр ИВАСЕНКОДАН сұраған еді.
- Шынында да, біздің облысымыздың аумағында қарғалар саны ғана емес, сонымен қатар, қарғатектес басқа құстар – ұзақтар айтарлықтай көбейді. Бірақ ұзақ қарғалар зиянкестерді, соның ішінде шегірткелерді жойып, пайдасын тигізсе, қоқыс тастайтын қарғалар туралы бұлай айта алмайсың, - дейді Ивасенко. - Өткен ғасырдың 80-90 жылдары қарғаларды ату жүргізілді, қазір ол жоқ.
- Ал олар неліктен көп?
- Себебі - қыс жылы болды. Бұрын қарғалар жылы өлкелерге қоныс аударатын, ал енді Атырау маңында қыстайды. Таңертең қалалық қоқыс орнына барып, тамақ қалдықтарын жейді, ал кешке қалаға оралып, ағаштарда түнейді.
Қарғалардың көбеюі тақырыбы Атыраудағы кездесулердің бірінде талқыланған еді. Кеңеске қатысқан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің өкілдері біздің облыста табиғи нормадан асып түскен қарғатектестердің ғана емес, сондай-ақ, басқа құстардың да түрлерін реттеу үшін биологиялық негіз әзірлеуге дайын екендіктерін түсіндірді. Қалалық әкімдіктегілер хабарлағандай, қазір қарғаларды атуды қаржыландыру мәселесі шешілуде.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор