Ресейдің Тергеу комитеті Кемеров қаласындағы сауда орталығында шыққан өрт салдарынан қаза тапқандар саны 37 адамға жеткені туралы растады, - деп хабарлайды РИА Новости.
"Қазіргі уақытта 37 адамның Кемеров қаласының орталығындағы сауда орталығында шыққан өрттен қаза тапқаны белгілі болды. Үйінділер астынан адамдарды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.
Осыған дейін өңірдегі жедел әрекет ету қызметіндегі дереккөз мәліметінде 69 адамның (оның ішінде 40 бала) із-түссіз жоғалып кеткені жайлы айтылған еді.
Зардап шеккендердің көбі ауруханада жатыр. Жексенбіде күндізгі уақытта төрт қабатты сауда орталығында өрт шыққаны туралы хабар түскен. Өрт жоғарғы қабаттан шыққан. Өрт аумағы - мың жарым шаршы метр. Шатыры опырылды. Өрт толығымен сөндірілді.
Mash Telegram-арнасы өрттің кинотеатрда шыққаны туралы хабарлады. 100-ден аса адам эвакуацияланды. Сонымен қатар, әбігерге салынған адамдардың жоғарғы қабаттағы терезелерден секіріп жатқаны туралы хабар түсті.
Дереккөз: tengrinews.kz