"Мәскеудің Ұлыбританиядағы Ресей сыртқы барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипальді улауға қатысы бар деген айыпты жоққа шығаруы абсурдты болып барады" деп мәлімдеді Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон. Ұлыбритания министрі бұл жайында 19 наурыз күні Брюссельде Еуропа Одағы елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуіне барғанында айтты.
"Бұл – Ресейдің шындықтың ұштығын бір таудай өтіріктің астына жасыруға жанталасатын классикалық стратегиясы. Олар енді ешкімді алдай алмайды" деді Джонсон.
Наурыздың 4-і күні Солсберидегі сауда орталығы маңындағы орындықта ес-түссіз жатқан жерінен табылып, ауруханаға жеткізілген Сергей Скрипаль мен қызы Юлия содан бері өз-өзіне келмеген. Тергеушілер қастандық ұйымдастырушылар "Новичок" деп аталатын жүйкені жансыздандыратын зат қолданған деген болжам айтады.
Ұлыбритания билігі әкелі-балалы Скрипальдарды улауға қатысты Мәскеуді айыптап, ресейлік 23 дипломатты елден шығаратыны туралы мәлімдеген. Айыпты жоққа шығарған Ресей де оған жауап ретінде 23 ағылшын дипломатын елден шығару және Ұлыбританияның білім және ғылым саласы бойынша шетелдермен байланыс жөніндегі бейсаяси ұйымы – Британ кеңесінің Ресейдегі өкілдігін жабу туралы шешім қабылдаған.
Дереккөз: azattyq.org