Венесуэлада қолма-қол ақша тапшылығы салдарынан балама валюталар шығарыла бастады. Елдің Апура штатындағы Элорса қаласында осы аттас валюта шығарылды.
Бұл туралы парламент депутаты Хосе Герра өзінің твиттер парақшасында жазып, 100 мың элорсаның суретін жариялаған.
"Қолма-қол ақша дағдарысы басталғандықтан, айналымға жергілікті валюталар енгізіліп жатыр. Міне мынау Апура штатының Элорса қаласының атымен аталған "элорса" валютасы. Гиперинфляция мен қолма-қол ақшаның жетіспеушілігінен елде кішігірім орталық банктер пайда бола бастады", - деп жазған Герра.
Сондай-ақ, жергілікті валютаны алғаш болып Венесуэланың астанасы Каракастың Катия деп аталатын ауданының өкілдері 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап пайдалана бастаған.
Жергілікті валюта "паналь" деген атауға ие болған. 1 паналь курсы 5 мың боливарға тең болған. Каракастықтар жекеменшік ақшаны ішкі коммуналдық төлем кезінде пайдаланды.
Айта кетейік, елдегі экономика жағдайының қиындауы инфляция деңгейін көтерді. Қазіргі кезде қара нарықта 1 доллар 226 мың боливарды құрайды, алайда DICOM жүйесінде ресми айырбастау курсы 44 мың боливарды құрайды.
Сондай-ақ, елде қолма-қол ақша жеткіліксіз, ал билік біраз уақыт бұрын номиналы 100 мың боливарды айналымға шығарды. Мұның құны қара нарықта бар болғаны 0,5 долларды құрайды.
Bloomberg агенттігінің есебі бойынша экономикасы "бақытсыз" елдер тізімінде Венесуэла төрт жыл қатарынан алдыңғы орында тұр.
Дереккөз: “The Qazaq Times”