Бүгін 13-ші шақырылымдағы Бүкілқытайық халық өкілдері жиналысының тарихи 1-сессиясының делегаттары Ван Цишанды ҚХР Төрағасының орынбасары етіп сайлады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.
Сессияның бесінші жалпы отырысындағы дауыс беруге 2970 делегат қатысып, соның 2969-ы Ван Цишанның кандидатурасын қолдаған, бір халық қалаулысы қарсы болған.
Еске сала кетейік, Қытай Компартиясының 19-съезіне дейін Ван Цишань ҚКП әдепті қадағалау жөніндегі Орталық комиссиясын басқарған болатын, оны ел арасында «Си Цзиньпиннің жазалаушы семсері» деп атайтын. ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері болған кезінде Ван Цишань Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитетінің теңтөрағасы қызметін де атқарған.
Бүгін делегаттар Си Цзиньпинді ҚХР Төрағасы және ҚХР Орталық әскери кеңесінің төрағасы лауазымдарына бірауыздан қайта сайлады. Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпинге Қытай Халық Республикасының Төрағасы қызметіне қайта сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады.
Дереккөз: inform.kz