АҚШ-тың Техас штатында бір күнде екі бірдей жарылыс болып, 17 жастағы бозбала қаза тапты. Тағы бір қарт әйел жарақат алды.
Екі оқиға да Остин қаласында болды. Белгісіз біреулер үй иелеріне сәлемдеме жіберіп, оның ішіне жарылғыш зат жасырып қойған.
Жергілікті полицияның мәлімдеуінше, қос жарылыс наурыздың 2-сі күні жасалған қастандыққа ұқсайды. Ол кезде дәл осындай қастандықтан бір ер адам көз жұмған болатын.
Тергеушілер бұл оқиғалардың арасында байланыс бар деп отыр. Қазір істі тергеуге Федералдық тергеу қызметінің өкілдері де тартылды. Ал ресми өкілдердің айтуынша, барлық қауіпті сәлемдеме поштамен немесе курьерлік қызметпен жеткізілмеген. Сондықтан жергілікті билік тұрғындарды абай болуға шақырды.
Брайан Мэнли, Остин қаласы полициясының басшысы: - Біз қалада болған соңғы оқиғаларға байланысты тұрғындардан егер күдікті сәлемдемелер келіп жатса, бірден полицияға хабарлауын сұраймыз. Себебі жарылғыш зат түрлі жолдармен жасырынып жіберілуі мүмкін.
Дереккөз: 24.kz