Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің биліктегі өкілеттігі ұзартылды.
Бүгін бүкілқытайлық халық өкілдерінің сессиясында депутаттар конституцияға енгізілген өзгерістерді мақұлдады. Басты құжаттың бекітілген жобасына сәйкес Си Цзиньпиннің билігіне шектеу қойылмайды.
Бүкілқытайлық халық өкілдерінің ХІІІ шақырылған сессиясын тарихи оқиға деуге болады. Депутаттардың көбі конституцияның өзгертілген жобасын бірауыздан қолдады. Сессияның екінші пленарлық отырысына қатысқан 2964 адамның 2 958-і ҚХР коммунистік партиясының ұсынысын құп көрді. Екі депутат қарсы дауыс берсе, үшеуі қалыс қалды. Бір бюллетень жарамсыз деп танылды. Дауыс беру үрдісін қытайлық және шетелдік журналистер бақылады. Бірақ бюллетеньдерді толтыру кезінде оларға 5 минутқа залдан шығуға тура келді.
Депутаттар сонымен бірге конституциядағы қазіргі төрағаның есімі жазылған мәтінді де дауысқа салды. Осылайша басты құжатқа «Си Цзиньпиннің қытайлық ерекшелігі бар социализм жайындағы идеяларымен жаңа дәуірге» деген сөздер жазылды. Тағы бір өзгеріс, Қытайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа орган құрылады. Бұл ведомство бақылау жөніндегі мемлекеттік комитет деп аталады. Бұрын бұл міндет ҚКП орталық комиссиясының құзырында болған.
Жалпы, ҚХР алғашқы конституциясы 1954 жылы қабылданған. Ал қазіргі қолданыстағы мәтін 1982 жылдың 4 желтоқсанында күшіне енген. Содан бері 4 рет өзгеріс енгізілген. Биылғы сессия кезінде депутаттар Конституцияның бас-аяғы 20 бабына өзгеріс енгізу бойынша дауыс берді.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 25 ақпанда Қытай коммунистік партиясының орталық комитеті конституцияға өзгеріс енгізу бойынша ұсыныс білдірген еді. Құжаттың жаңа жобасына Си Цзиньпиннің Қытай коммунистік партиясының ХІХ съезінде айтқан жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшелігі бар социализм жайындағы идеялары енді. Елді дамытудың ғылыми тұжырымдамасы, «қытай ұлтын қайта өркендету жоспары» сияқты ұғымдар басты құжатқа кірді.
Дереккөз: 24.kz