Елдің діндар тұрғындары әскер қатарында қызмет атқарудан бас тартып, Кнессетке ортодокстарды әскерге шақыруға тосқауыл болатын заң жобасын ұсынды. Осының салдарынан билік басындағы коалиция ыдырауы мүмкін.
Әскерге шақыру туралы заң ел үкіметін шайқап, арты дағдарысқа келіп тірелді. Егер заң қабылданса, діншіл қыз-жігіттер әскерге шақырылмайды. Бұған дейін де өзгелер әскер қатарында қызмет етсе, дін жолындағы азаматтар түрлі сылтау айтып, отан алдындағы борышын өтемеудің жолын іздейтін. Бірақ қарапайым жұрт бұл жағдаймен келіскісі келмейді. Елдегі түрлі партия өкілдері аталған заң жобасына «дауыс бермейміз» деп құжатты күн тәртібінен алып тастауды талап етіп отыр.
Яир Лапид, «Еш-Атид» партиясының төрағасы:
– Әскери қызметтен босату жөніндегі заң мемлекет пен бүкіл әскери қызметкерді қорлап отыр. Ол Тораға да қайшы. Қасиетті кітапта: «Соғысқа орныңа басқа адамды жібер» деген жазу жоқ. Бұл заң зайырлы халықты да, дәстүрді сақтайтын адамдарды да бұзатын бопсалау деп түсінеміз. Ол сондай-ақ жас ультра-ортодокстардың заманауи қоғамға бейімделу мүмкіндігінен айырады.
Алайда діни партиялар қайткен күнде де берілмеудің қамын жасап отыр. Ал биліктегі коалиция құрамына кіретін бұл партиялардың қатысуынсыз үкіметті құру мүмкін емес. Қаржы министрі Кахлон коалициядан шығып, ақыр соңында кабинеттің жойылатынын айтып, қауіпті күшейтіп отыр.
Авигдор Либерман, Израильдің қорғаныс министрі:
– Біз үкіметті құлатпаймыз. Өрескел бастамаларды тоқтату үшін соңына дейін күресеміз. Бірақ заң үшінші оқылымда осы қалпында мақұлданса, біз бәріміз де оған қарсы дауыс беріп, үкіметтен шығамыз.
Бұл мерзімінен бұрын сайлау өтіп, есіл ақша кететін, науқандық кампаниялар құрылып, күтпеген нәтижелер болуы мүмкін деген сөз. Соңғы 25 жылда бір де бір үкімет өз мерзімінің соңына дейін отыра алмады. Қазіргі үкіметтің де тағдыры жақын арада шешіліп қалуы ғажап емес.
Дереккөз: 24.kz