Атырау, 26 қараша 11:57
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Көктем мен әйел

Сурет Бейнежазба
10 650 просмотра

Құс ұйқылы Ботакөз бүгін де ерте тұрды. Таң бозарып атып келеді екен.

- Ищщай, суығын-ай.

Күртешесін қымтай жамылған ол жұпар ауаға бетін тосып ұзақ тұрды.

Ботакөз жыл сайын көктемді асыға күтеді. Жалғызүйлі қыстақта отырған әйел үшін қыстың құрсауынан құтылып, көктеммен бірге еріп келер жадыраған күн сәулесі, қара жердің бусанып, өсімдіктерге жан бітуі ерекше күш-жігер береді. Қыс бойғы мігірсіз мал күтімі жеңілдеп, көңілі орнығып, ертеңгі күнге үміті ояна түседі. Тек бойжетіп қалған қыздарынан гөрі жалғыз ұлы Төренің (Төремұрат) өзінен жырақ кетіп, оқуда болуы талай рет Ботакөздің ойын айран-асыр еткен. «Малды шағындап, ел ортасына көшіп барсам ба екен. Онда Төрем үнемі қасымда болады-ау» деген ой ара-тура келеді. Көктоғай ауылындағы мектептің 5-сыныбында оқитын ұлы таразының бір жағында тұрса да, жолдасы Мейрамның құрып кеткен шаруашылығын шашау шығармай ұстап қалуы тағы бар...

Бір сәт қалың ойдың шырмауынан шыға алмаған әйел аулаға беттегенен-ақ көңілі жадырап сала берді. «Еңбегінің зейнеті» дегендей, мал да төлдей бастаған. Жас төлдеген сиырлар мөңірей қарсы алды. Ботакөз сиыр сауып, көмекшісі қойды өріске бағыттаған. Олар үшін қым-қуыт тіршілік басталып та кетті.

- Әкем Нәсіпқали ат баптайтын кісі болған. Алты баланың кішісі болсам да малға үйірсек болып өстім. Шешем мен бірінші класта жүрген кезде жастай қайтыс болды. Еңбекке баулыған екінші шешеміз де өмірде жоқ. Өзімнен он жастай үлкен Мейрам ҒИЗАТОВҚА бұдан 28 жыл бұрын тұрмысқа шығып, төрт баланы дүниеге келтірдім. Бізде бәрі жақсы еді. Жылқышылыққа әуестігі бар Мейрам жеке шаруашылығын құрып, екеуміз еңбек еттік. Бізде бәрі жақсы болған...,-деп тосылды Ботакөз мұңайып.

2014 жылы көлік апатынан жолдасы қайтыс болып, 43 жасында жесір қалады. Сол кезде Ботакөздің алдында сан таңдау тұрған еді. Ойлана келе Мейрамның шаңырағын шайқалтпай, шаруаны дамытуға күш салды. Баласы есіне түскенде көңілі бұзылатыны болмаса, еңбегін сіңіріп көбейткен төрт түлікті тастағысы жоқ. Жолдасы Мейрам кезінен болған көмекшісі Нұрболат екеуі мал күтімін бірдей атқарысады. Түйе мен атқа мініп, қойды бір кезек әйелдің өзі де бағып келеді.

- Көмекшім Атыраудың тумасы, кейде үш-төрт күнге барып келетіні бар. Арасында демалыс берем. Ондайда шаруаны жалғыз өзім атқарамын. Ерте тұрып мал сауу, шөп салу, арық-тұрақтардың күтімі, аула-қораны тазалау, суару, осы толып жатқан жұмыстар күн сайын қайталанып келіп тұрады. Одан қалса үй тірлігі.


-Еңбек еткен адамдар жылына бір демалыс алатыны бар. Ондай Сізде болды ма?

-Демалыс...(ол әдемі жымиды). Бізде демалыс деген болмайды ғой. Мал демалмайды, біз де. Күн жылынып, арқа-жарқа болып қалатынымыз болмаса. Жұмыс қыстағыдан жеңілдейді. Суықта, әсіресе боранды күндері қиындау. Ысылдық, жетілдік.

-Мереке күні ше?

- Біздің мереке сол мал жайғау ғой. Мен барлық нәрсені алдын-ала ойластырып отырамын. Көктемде сиырды сауып, сәуір майын жинаймын, жаздай қаймақ былғап, май шайқаймын. Құрт, ірімшік жасаймын, соны аз-мұз пұл қыламын. Сондай-ақ, түйе жүндерін түтіп, көрпелер жасаймын. Енемнен қалған ескі іс машинасымен керек-жарақты өзім тігемін.

-Әйел бақытын қалай түсінесіз?

- Менің бақытым - балаларым. Үлкен қызым Ақерке Индерде тұрмыста, үш жиенім бар. Одан кейінгі Ақгүлім Атырауда жұмыста, Ұлпаным сондағы педагогикалық колледж студенті. Ең кенжем ұлым - Төрем мектепте. Осы балаларымды оқытсам, құтты жеріне қондырсам деймін. Мен де бөтен ой жоқ, осы балаларымның жадырап күліп жүргенін қалаймын, әкелерінің орнын жоқтатпауға тырысып жүрмін. Қайныларым мен қайнағаларым үнемі қолдан келгенше көмектесіп тұрады. Науқан кезінде, әсіресе, жәрдем береді. Қи ойып, шөп түсіруге, мал қырқуға келеді.


Ботакөздің өтініші бойынша ұлы Төремұратты мектепте кездестірдік. Ол анасын мерекемен құттықтап, жақсы көретінін жеткізді. Демалыстар мен каниул күндерін асыға күткен Төремұрат анасының нағыз қолқананаты. Мал қарасып, тіпті үй тірілігіне де жәрдем береді.

«Әбілмәжін» қыстағындағы ақкөңіл, сымбатты, еңбекқор Ботакөз КӨШҚАЛИЕВАМЕН қимай-қимай қоштастық... Бар жылылық сонда қалғандай.


Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен видеоны түсірген автор

 

7 наурыз 2018, 14:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.