Қазіргі уақытта сандық форматқа бейімделмеген барлық нәрсе ескірген және қажетсіз болып көрінеді. Дижитал цунамиі басқан орындардың бірі - кітапханалар. Дегенмен, кітапхана қызметкерлері болашаққа үмітпен қарайды: ғаламдық жоспарлар құрмаса да, жойылады деп ойламайды.
МАМАНДАР ПІКІРІ
Ғ. Сланов атындағы Атырау облыстық кітапханасының оқу залы секторының меңгерушісі Софья МҰСАҒАЛИЕВА:
- Қазір жастар маркетинг, бизнес, юриспруденция саласында білімді болғысы келетінін байқадым, көбінесе осында отырып, заңдарды оқып-үйренеді. Наполеон Хилл, Дейл Карнеги, Гай Кавасаки сияқты авторлардың «нұсқаулық» кітаптарын оқиды. Ал әдебиеттерден олар Коэльо мен Муракамиді жақсы көреді.
- Кітапханаға келушілер жағы қалай?
- Кітапхана қаланың сыртында, әуежайға баратын трасса бойында орналасқан. Егер өз көлігің жоқ болса, онда бұл жерге тек 30А маршрутымен ғана баруға болады. Ал ол, өкінішке орай, өте сирек жүреді. Осыған қарамастан, келушілер бар, тіпті, тұрақты оқырмандарымыз бар. Мысалы, вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер. Вахта алдында міндетті түрде бізге келіп, кітаптар алып кетеді.
- Жастарды кітапханаға қалай қайтаруға болады?
- Кітапхана тек ақпараттық орталық қана емес, сондай-ақ бос уақытын қызықты өткізетін және демалыс орнына айналуы тиіс. Букдейтинг (авторлардың оқырмандармен кездесулері – AA.), библиотүндер секілді жобалар қажет. Оқырмандар кештерін, фестивальдер және марафондар өткізу керек.
Екінші барған жеріміз – Авангард ықшамауданындағы орталық қалалық кітапхана. Библиограф Любовь ОМЕЛЬКОВА маған залдарды аралатып, экскурсия ұйымдастыруға және сұрақтарыма жауап беруге қуана келісті.
- Отандық жазушылар мен ақындарға сұраныс бар ма?
- Иә, әрине, бізде Бауыржан Момышұлының, Абай Құнанбаевтың және Ахмет Байтұрсыновтың шығармалары орналасқан сөрелер көбіне бос тұрады деуге болады. Ал шетелдік жазушылардан Жюль Вернді көп оқиды.
- Оқырмандар қазіргі заманғы авторларды ма, әлде классиканы оқығанды жөн көре ме?
- Аз-аздан бәрін де. Егде жастағы оқырмандарға естелік мемуарлар мен өмірбаяндар қызықты, оқушыларға сабақтарына классика қажет. Әрине, келушілер бұрынғыға қарағанда азайды. Оларды қалай қайтаруға болады? Әлеуметтік желілерде кітапханалық іс-шараларды насихаттау керек шығар, себебі жастардың бәрі қазір сонда отырады ғой.
ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ПІКІРІ
Айгүл: Кітапханалар қажет, әрине. Кітаптарда кей кездері Интернеттен таба алмайтын құнды ақпараттар болады. Оның үстіне, Интернет жиі қателеседі. Википедияда да дәлсіздіктер бар.
Мира: Сіз кітапханалардың жұмысын бақыласаңыз, олардың халыққа қажет екенін көресіз. Егде жастағылар көп оқиды, олар Интернетке үйренбеген, есесіне кітапты жақсы көреді. Кітапханаға келіп, сөреден кітап алып, бағасын береді. Адамдарды мұндай ләззаттан айырудың қажеті қанша? Жастар да мектептегі оқу бағдарламасы шеңберінде кем дегенде көркем әдебиетті оқиды. Жалпы алғанда, кітапханалар үлкен ағарту жұмыстарын жүргізеді. Кімге қалай екенін білмеймін, бірақ мен сол жерге барғым келіп тұрады!
Рүстем: Білмеймін, мен кітапханасыз да жүре аламын. Қолымда үнемі смартфоным бар, кез-келген уақытта қажетті нәрсені табуға болады.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ САУАЛ
Қорытындылай келе, әлеуметтік желілердегі жазылушыларым арасында сауалнама жүргіздім. Оған 16-дан 45 жас аралығындағы 327 адам қатысты. Сауалнама нәтижесі мынадай болды.
Сауал жүргізілгендердің 28% - кітапханаларға барады - бұл шамамен 90 адам. Олардың 38% - рухани ләззат алу үшін, 20% - ғылыми жұмыстар үшін деректер жинауға барады. 71% баспа түріндегі кітаптарды, 10% - аудиокітаптарды, 19% - электронды кітап оқығанды жөн көреді. 45% - қазіргі авторларды, 55% - классиканы оқиды. Респонденттерімнің арасында Дэниел Киздің «Таинственная история Билли Миллигана» деген кітап ең танымалы болып шықты.
Анастасия АЛЮШИНА
Коллаж бен суреттер автордікі