Қарабатан жатақханасындағы өрт кезінде 7 адамның қаза болу фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлігі («Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кеше, 5 наурызда қаза тапқан Оңтүстік Қазақстан облысының тумалары туған ауылдарында жер қойнына тапсырылды.
Бұдан бұрын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан ӘЛТАЕВ Атырауға келіп, ауруханадағы зардап шегушілердің хал-жағдайын сұрап, қаза болған марқұмдардың отбасыларына материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Ол Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Төтенше жағдайлар департаменті және Атырау облысы әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ жұмыс беруші мен кәсіподақ мүшелерінен құралған үкіметтік комиссияны басқарады. Бұл комиссия өрт шығу себептерін тергеумен айналысады.
Қазір қайғылы оқиға орын алған қалашықтағы «Karabatan Utility Solutions» ЖШС қызметкерлері тергеу аяқталғанға дейін үйлеріне жіберілген.
Фархат ӘБІЛОВ