
Ақ үй Палестина-Израиль қақтығысын бейбіт реттеуге бағытталған жаңа жоспар ұсынуға дайындалып жатыр.
Онда АҚШ тарапының пікіріне қарағанда, екі жақтың да мүдделері ескерілетін болады. Израильде бұл бастама бойынша әлі ешқандай ақпарат жоқ. Ал ресми Рамалла қазірден бастап ол құжатқа түбегейлі қарсы екендіктерін жеткізді.
«Жол картасы» деп аталған жаңа жоспар ресми түрде жарияланбаған. Бірақ ол туралы мәлімет ақпарат құралдарында белгілі болды. Бұл жолғы құжатта Израиль мүддесін ескерген біраз тармақ жазылыпты. Мысалы, жоспар бойынша астана Иерусалим деп жарияланып, сол жерге АҚШ елшілігін көшіру, Палестина мемлекетін қарусыздандыру және шекара қауіпсіздігіне байланысты барлық жауапкершілік еврей мемлекетіне жүктелмек. Түптеп келгенде, бұл жерде ауқымды уәкілеттілігі бар автономия құру жөнінде сөз болып отыр. Испаниядан тәуелсіз болса да, әскері жоқ, тек қауіпсіздік қызметі бар Андорра секілді ел болмақ. Дегенмен Ақ үй өкілдерінің айтуынша, бұл тек жаңа келісімнің жобасы ғана және оның жөн-жосығын Израиль мен Палестина ғана талқылауы тиіс. Ал Палестинаны азат ету ұйымы аталмыш бастама өз халқының мүддесін ескермеді деп өз уәждерін ашық айтып отыр. Олар Иерусалим және батыс жағалауындағы еврей қоныстарын қалдыруды ұйғаратын тармақтарға наразы. Қазір бұл жерде жарты миллионға жуық израилдік тұрады, ал осы елді мекендердің болашағы ешкімді алаңдатып отырмаса керек.
Ханан Ашрауи, Палестинаны азат ету ұйымының ресми өкілі:
– Американдықтар мен израильдіктер осы елді мекендер тағдырын қанша талқыласа да, мұны басқыншылық деп танимыз. Олардың тарапынан мұндай істер жалғаса берсе, бейбіт келісім туралы сөз қозғауға болмайды. Келіссөзді бастау үшін қоятын жалғыз шартымыз – басқыншылықты доғару.
Израиль тарапы жоспар жөнінде тіс жармай отыр. Ақ үйге Дональд Трамп келгеннен бастап, израильдіктер «американдықтар ұсыныс айтсын, ал біз палестиндіктердің не дейтінін күтеміз» деген саясат ұстанып келеді.
Александр Непомнящий, саясаттанушы:
– Біз іс жүзінде 47 жылғы жағдайға қайта оралдық. Сол кезде БҰҰ Палестинаны бөлу жоспарын ұсынған болатын. Ол еврейлер үшін тиімсіз болған, өйткені оларға байланысы әлсіз үш анклавтан тұратын мемлекет құру қарастырылған еді. Бірақ өзге амалы қалмаған еврейлер осыған келісті. Ал арабтар келіспеді, нәтижесінде бәрінен құр қалды.
Ал шиеленістің басты мәселесі – палестиндік босқындар жөнінде жаңа құжатта тек жалпылама «әділ шешім» керек деп жазылған. Жаңа жоспарды жүзеге асыру мүмкін еместігін Ақ үй де жақсы түсінетін секілді. Осы орайда АҚШ бүкіл әлемге қақтығысты реттеуге тырысқанын байқатпақ болған тәрізді.
Дереккөз: 24.kz
В Атырау -5