Атырау, 18 мамыр 17:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Грузия экологиялық таза көлікке көшеді

1 395 просмотра


Грузиялықтар экологиялық таза көліктермен жүруі тиіс. Ол үшін ел үкіметі барын салып жатыр.

Жақында жергілікті ішкі істер министрлігі өз автопаркін ауыстыруға кірісті. Болашақта бұл бастама қоғам арасында қолдау табады деген сенім бар.

Қазір Тбилиси тұрғыны Артур Степанянды жанармай бағасы еш алаңдатпайды. Бұрынғыдай отынның құны көтеріліп, темір тұлпарындағы бензин қаншаға жетуі мүмкін деген сұрақ та мазаламайды. Себебі жарты жыл бұрын электр қуатымен жүретін көлік алған.

Артур Степанян, жүргізуші:

– Мен осындай көлікке отырғаныма қуаныштымын. Маған экологияның таза болғаны керек. Біз осы ауаны жұтамыз. Екіншіден, жанармай бағасы күрт өсіп жатыр. Енді оған уайымдамайтын болдым.

Грузия үкіметі мұндай бастаманы барынша қолдайды. Билік халықты электромобильге отырғызу үшін бірқатар жеңілдік те жасаған. Мәселен, былтырдан бастап заман талабына сай техниканы елге әкелетіндерге салық төлеудің қажеті жоқ. Ал гибридті көлікке төленетін қаражат көлемі 60 пайызға азайды. Электромобиль иелері тіпті Тбилисидегі стансаларды тегін пайдалана алады. Бірақ олардың саны әлі жеткіліксіз. Болашақта үкімет оның санын көбейтуді жоспарлап отыр. Грузия премьер-министрі өз мәлімдемесінде шенеуніктерді де үнемді әрі экологиялық таза көлік мінуге шақырды.

Георгий Квирикашвили, Грузия премьер-министрі:

– Үкіметтегілердің көбі үлкен қара джиппен жүруге әуес. Оны тоқтату керек. Өйткені халықтың көңілі қалады. Автопаркті толық ауыстыру қажет. Алдымен министрлерден бастаймыз. Кейін басқаларды да экологиялық таза көлікке отырғызамыз.

Көлігін бірінші болып ішкі істер министрлігінің қызметкерлері ауыстыратын болды. Жапон үкіметі бұл ведомствоға жүздеген электрокар мен гибридті көлікті сыйға тартты.

Георгий Гахария, Грузия ішкі істер министрі:

– Патрульдік полицияны электр және гибридті көліктермен қамтамасыз етпекпіз. Бізге 96 темір тұлпар беріледі. Нәтижесінде тәртіп сақшыларының жұмыс сапасы біршама артады деген сенімдеміз.

Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, бұл автопаркті жаңартудың алғашқы кезеңі ғана. Болашақта техниканың саны әлдеқайда көбейеді. Осыған қарап, халықтың таңдауы да экологиялық таза көлікке ауысады деген сенім бар.

Дереккөз: 24.kz

28 ақпан 2018, 15:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.