Атырау, 26 қараша 11:54
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Жатақхана үй болмады

Бейнежазба
4 430 просмотра


«АЖ» редакциясына қаламыздағы Ж.Молдағалиев көшесі, 33 «а» үйінің тұрғындарынан хат келіп, онда ғимараттары тұруға жарамсыз екені жазылған. 1974 жылы салынған бұл үйде қазір 152 пәтер бар, кеңес кезінде жатақхана ретінде берілген болатын.

Тұрғындардың айтуынша, баспананың шатыры тесіліп, инженерлік жүйесі. Жертөлесі суға толып,  үйдің қабырғасы көгеріп, сыз тартып тұр. Осындай тозығы жеткен үйді кеміргіштер мекеніне айналдырған.

Сатымен көтерілу үшін аяқ астындағы шашылған қоқыстан аттап өтуге тура келді. «Бұларды осындағы тұрғындардың өздері лақтырады. Ешкім келіп даладан тастап кетпейді ғой!»- деп ренішін білдірді, жол бастап келе жатқан тұрғын. Себебі, мұнда ПИК жұмыс жасамайды, үй иесіз.  

- Мұнда пәтер жалдаушылар көп. Олар уақытында электр қуаты үшін ақша төлемейтіндіктен, «Атырау-Жарықтан» адамдар келіп тоқты кесіп кетеді. Бірақ тұрғындар өздері кері жалғап алады. Ал біздің кішкентай балаларымыз бар, ашық тұрған тоқты қолымен ұстап қала ма деп қорқамыз,- деп ашынды тұрғын Гүлнар.

- Біз электрплиткамен тамақ пісіреміз, мұнда газ баллонмен отырғандар да бар. Негізінде оған рұқсат жоқ. Бір күні жарылыс болса, кім жауап береді? Мұнда үш рет дәліз өртеніп, екі кісі өлімі болды. Әкімдік бұл үйді «2020 жылы күреледі» депті, оған дейін мына үй ортасына түседі ғой!-деді Кенжетай ШӘГІРОВА.

- Мен бесінші қабатта тұрамын. Төбеден үйіме су ағады. Бірнеше рет күрделі жөндеу жүргіздім, пайдасы жоқ. Енді үйімді жөндейтін күшім де, ақшам да жоқ,- деп көзіне жас алды Нина ВОЙКОВА.

Мақаланы дайындау кезінде редакциямызға Ж.Молдағалиев көшесіндегі 30 үйдің тұрғындары да шағымданған болатын. Бұл үйде де осындай жағдай.

Біз тұрғындардың шағымына орай, қалалық ТКШ бөлімінің тұрғын үйсекторының меңгерушісі Рафхат ЖОЛДИЕВКЕ жолықтық:

- 2014-жылдың 10 сәуіріндегі депутаттардың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың 22-ші сессиясында 2014-2020 жылдары Атырау қаласындағы жатақханаларды, апатты және тозығы жеткен үйлерді күреу жөніндегі шешіміне сай, қала бойынша санитарлық нормаға сәйкес келмейтін 12 жатақхананы басқа орынға көшіру қажет.  Оның ішінде Ж.Молдағалиев көшесіндегі 33 «а» үйін 2020 жылға, осы көшедегі 30-үйді 2018 жылға көшіру жоспарланған. Алайда бұл үйлердегі тұрғындарды жаңа қонысқа көшірудің нақты қашан жүзеге асатыны әлі белгісіз, ол жаңа үйлердің салынуына байланысты. Мойындауымыз керек, кестеден кешігіп жатырмыз: көшірілмеген 2015-2016 жылғы үйлер бар. Тағы бір айта кететіні, қазір жатақхана деген ұғым жоқ, бәрі әлдеқашан жекеге өткен. Сол себепті ол үйлерге жөндеу жұмыстарын тұрғындардың өздері жүргізуі тиіс. Оған үкіметтен ақша бөлінбейді.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА 

Сурет пен видеоны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

27 ақпан 2018, 17:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.