Атырау, 23 желтоқсан 13:52
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 515.02
€ 604.22
₽ 6.50

Нығматулин Тоқтабаевқа рейтинг қумауға кеңес берді

2 432 рет қаралды


Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ҚР Ұлттық экономика министрлігі ұсынған кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымға дейін мұқият зерттеуді тапсырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов депутаттарға кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын таныстырды. Оның айтуынша, аталған құжат бизнес шығындарын қайта реттеп, аталған саладағы әкімшілік кедергілерді жою бойынша жүргізіліп жатқан саясатты жүзеге асыруға бағытталған. Заң жобасы негізінде 13 кодекс пен 100 заңға 1 мыңға жуық түзету енгізу көзделген. Алайда заңға енгізілетін кейбір өзгеріс Нұрлан Нығматулинді таңғалдырды.

«Мен аталған заң жобасын қарап шықтым. Мемлекеттік органдар оған өзгерістер енгізуді көздеп отыр. Яғни жеке тұрғын үй құрылысын салу кезінде оған қойылатын барлық бақылау функцияларды алып тастау нормасы енгізілгелі отыр. Менің түсінуімше, аталған заң жобасы аясында біз 5 өңірде жеке тұрғын үй құрылысын салу кезінде оған қойылатын бақылау функцияларын алып тастағалы отырмыз. Ал сейсмикалық қауіпті аймақтағы үйлерді салу кезінде ше? Мен осыны түсіне алар емеспін. Біз мемлекеттік тұрғын үйді салып, оның қауіпсіздігіне жауап береміз. Ал жеке тұрғын үйде біздің азаматтарымыз тұрмай ма?» - деді ол.

Мәжіліс төрағасының күдігін ҚР Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин растай түсті.

«Қазіргі таңда ҚР ІІМ жеке тұрғын үйді, яғни көпқабатты тұрғын үйдің (сапасын –автор) бақылау функциясы алынып тасталды. Біз (тұрғын үйді – автор) жобалап, оны қабылдау процесіне қатыспаймыз. Қазіргі таңда жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Бақылаусыз салынған объектілерде төтенше жағдай болған жоқ. Бірақ бизнес құрылыстың сапасына жауап бермейді-ау деген күдік бар», - деді вице-министр.

Осы орайда, Нұрлан Нығматулин ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне аталған норма бойынша мұқият жұмыс жүргізуді тапсырды.

«Сіздер жеке тұрғын үй деп нені айтып отырсыздар? Егер бұл 1-2 қабатты үйдің құрылысы болса, оған жол беруге болады. Алайда сейсмикалық қауіпті аймақтағы үйлерге қатысты болса, онда сақ болғанымыз жөн. Ертең олар картоннан жасалған үйлер сияқты құлап жатса, не айтамыз? Бизнес рейтингтің артынан қуды деп, бақылау функциясын алып тастадық деп түсіндіреміз бе? Тимур Серікұлы, (Тимур Тоқтабаев ҚР ИДМ вице-министрі – автор) екінші оқылымына дейін аталған бағытта жұмыс жүргізулеріңіз қажет. Мұқият қарап шығыңыз. Рейтингті қуып, әсіресе сейсмикалық қауіпті аймақтардағы құрылысты қадағалаудан қалып қалмайық», - деп түйді сөзін Мәжіліс төрағасы. 

Дереккөз: Baq.kz

14 ақпан 2018, 12:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.