Атырау, 20 мамыр 00:25
 ашықВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Қазақстанда балаларға құлшылыққа қатысуға рұқсат беруді талқылады

1 831 просмотра


«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер енгізу жөніндегі жұмысшы тобы 6 ақпанда алғашқы жиынын өткізді. Жиында парламент мәжілісінің депутаты Мұхтар Ерман кәмелетке толмағандардың діни орындарда құлшылық жасауына ата-анасының жазбаша келісімімен рұқсат беруді ұсынды. Бірақ депутат балалардың сабақтан тыс уақытта құлшылық жасауына рұқсат беру үшін «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға қосымша өзгерістер енгізу қажет деп санайды.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі 16 жасқа дейінгі балалардың шіркеуге немесе мешітке ата-анасының бірімен немесе жақын туысымен бірге баруына және оған ата-анасының екеуі де қарсы болмаған жағдайда ғана рұқсат беруді ұсынады. Заңға енгізілетін өзгерістер жобасы бойынша, баланың діни құлшылыққа қатысқаны үшін діни бірлестік жетекшісі жауапқа тартылады.

Жиынға қатысқан Орыс православие шіркеуінің өкілдері жазбаша келісімді нотариуспен куәландырудың қажеті болмайды деп үміттенетінін айтты. Олар сонымен қатар құлшылық жасауға рұқсат берілетін балалардың жасын 12-ге түсіру керегін жеткізді. Олардың пікірінше, мұның себебі Қазақстанда ата-анасы балаларының тәрбиесімен айналыса алмайтын отбасы көп және «адам шіркеуде теріс ықпалдан сақтана алады».

Қазақстандағы діни бірлестіктер ассоциациясының төрағасы Александр Клюшев жұмыс тобының отырысында ата-анасы ажырасқан отбасылардағы балалардың құлшылыққа қатысуына рұқсат беру мәселесін де шешу керегін мәлімдеді.

- Әкесі қаңғып жүретін, алимент төлемейтін, ал шешесі балаларын асырап жүретін, бірақ Құдайға сенетін және балаларыың қандай да бір шіркеу жанындағы жексенбілік мектепке баруына қарсы болмауы мүмкін. Бірақ егер ол әкесі табылмаса, жазбаша келісім алу мүмкін болмаса онда бала өзі қалап тұрса да құлшылыққа қатыса алмайтын болып шығады, - деді Александр Клюшев. Ол сонымен қатар балалардың құлшылыққа қатысқаны үшін діни қызметкердің не себепті жауапқа тартылуы тиіс екені түсініксіз болып тұрғанын айтты.

Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арынның сөзінше, мұндай ұсыныс жайдан жай пайда болмаған және министрлікке тек бір ғана діни бірлестікке қатысты ондаған шағым түскен. Арын сонымен қатар діни бірлестіктерде діни қызметкерлерді ешкім адамдардың құжатын тексеруге міндеттемейтінін, тек құлшылық ережелерін ауызша айту немесе шіркеу мен мешітке кіреберісте жазбаша ережені жазып қою жеткілікті екенін айтты.

Дереккөз: azattyq.org

7 ақпан 2018, 09:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.