Атырау, 8 мамыр 01:09
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Министр: Қазақстанның Қашағандағы үлесіне қауіп жоқ

2 099 просмотра


Қазақстан әділет министрі Марат Бекетаев молдовалық бизнесменнің шағымы бойынша Қазақстанның Қашаған жобасындағы акцияларын бұғаттау республиканың бұл жобадан көретін пайдасына «әсер етпейтінін» мәлімдеді. Бұл туралы ол мәжілісте өткен үкімет сағатынан соң журналистер сауалына жауабында айтты. Министрдің пікірінше, «Қашаған процесінде» қолданылатын модель бойынша, Қазақстан жобадан дивидент түрінде емес, салық және мұнай сатудан түсетін кіріс түрінде пайда көреді.

«Қазір акцияны бұғаулау туралы ғана әңгіме болып отыр. Бұл - Қазақстан акционер ретінде шешім қабылдай алмайды деген сөз емес. Ол бұл акцияларды сата алмайды. Бірақ, менің білуімше, Қазақстанның бұл акцияларды сату жоспары жоқ. Қазір Қазақстан үшін Қашағандағы үлеске төніп тұрған қауіп жоқ» деді министр.

Молдовалық кәсіпкер Анатол Стати өткен аптада егер Қазақстан билігі 500 миллион доллар өтемақыны төлемесе Қашаған мұнай кенішінің 5,2 миллиард долларды құрайтын үлесін сатуды талап ететінін мәлімдеген.

Анатол мен Габриэль Статилер және Ascom Group S.A. мен Terra Raf Trans Traiding Ltd. атты тағы екі компания Қазақстан үкіметін халықаралық сотқа беріп, жеңіп шыққан. Олар Қазақстан үкіметі өздерін шығынға ұшыратты деген арыз берген.

Сот Астананы 500 миллион доллар өтемақы төлеуге міндеттеген. Сот шешімінен кейін New York Mellon (BK.N) банкі Қазақстанның Ұлттық қорына тиесілі 22 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі активін бұғаттаған.

Астана 500 миллион долларды өтеуден бас тартып, АҚШ-тың федералды сотына шағымданған.

Марат Бекетаевтың пікірінше, активтерді алдын ала бұғаттау Қазақстан ол активтерден айырылып қалды деген сөз емес. «Бұл қаржының жайы келесі сот процестерінде шешіледі және оған дейін әлі ұзақ уақыт бар» деді Бекетаев.

Дереккөз: azattyq.org

15 қаңтар 2018, 15:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.