Атырау, 7 мамыр 12:15
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +22
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

​Қазақстанда кибершабуылға қарсы шара қолданбағандар жауапқа тартылады

1 350 просмотра


Елімізде кибершабуылдарға қарсы қам-қарекет жасай алмағандар заң алдында жауап беретін болады. Үкімет киберқауіпсіздік саласын жетілдіру мақсатында осындай шешім қабылдады

Себебі таяуда қазақстандық бірнеше сайт вирустық шабуылға тойтарыс бере алмай, құнды мәліметтер ұрланған. Оның үстіне, электронды үкімет порталына төнген қауіп те сейілер емес. 

«Еgov.kz» – мемлекеттік құнды деректер мен азаматтардың жеке бас мәліметі жинақталатын елдегі ең маңызды ақпараттық жүйе. Бұл порталдың киберқауіпсіздігі жан-жақты күшейтілген. 

Бірақ күн өткен сайын хакерлік шабуылдар азаяр емес. Өткен жылдың өзінде қазақстандықтардың тең жартысы қолданатын электронды үкімет қызметіне 100 мыңнан астам киберсоққы жасалған. 

Виталий Ли, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ атқарушы директоры: 

– Былтыр біздің киберқауіпсіздігімізге қатысты 60 миллиардтан аса оқиға тіркелді. Оның 100 мыңы ақпараттық жүйелер жұмысын нақты бұзуға бағытталды. Бірнеше рет хакерлер өз дегеніне жеткен кездер болды. Абырой болғанда, қауіптің бетін тез қайтара білдік. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбасы үшін жұмыс істеп жатырмыз. 

Жыл басында отандық ғаламтор кеңістігінде кибершабуылдың тағы бір толқыны байқалды. Хакерлердің кесірінен ең алдымен жекеменшік сайттар зардап шекті. Бір ғана бухгалтерлік «balans.kz» порталынан 10 мыңнан аса мәлімет ұрланып, кейін хакерлік жабық форумдардың бірінде саудаланған. Дегенмен жауапты органдар жағдайдың қазір тұрақталғанын хабарлады. 

Олжас Сатиев, киберқауіпсіздік саласы бойынша сарапшы: 

– Егер ғаламтор-сайттарының иелері қауіпсіздікті өз деңгейінде қамтамасыз етпейтін болса, оларды жазалау керек. Бұған дейін елімізде мұндай жағдайда ешкім жауапкершілікке тартылмайды. Оның үстіне сайт вируспен зақымдалған болса, оның жұмысы автоматты түрде тоқтатылмай келді. 

Бұдан былай елімізде компьютерлік вирусқа мезгілінде қалқан қоймаған сайт иелері заң алдында жауап береді. «Хакерлік айла-тәсілдерге дәрменсіздік танытқандар енді қауіпсіздікке айрықша ден қоюы тиіс», – дейді мамандар. 

Айта кетейік, кейбір мемлекеттік органдар да ақпараттық жүйелерін тек тоқсан сайын тексеріп, қауіпті вирустардың кең таралуына жол беріп отыр. Бұл жағдайға IT саласындағы білікті мамандар тапшылығы себеп. 

Олжас Сатиев, киберқауіпсіздік саласы бойынша сарапшы: – IT саласының білікті маманы нарықта қымбат бағаланады. Оның айлық табысы 300 мың теңгеге тең болуы тиіс. Сондықтан мұндай мамандар мемлекеттік органдарда жұмыс істемейді. Айта кетейін, бір ғана сайттың киберқауіпсіздігін қорғауға 1 миллион теңге қажет. Ал банк секторында мұндай қызметке 10 миллион теңге төленеді. 

Жалпы қоғамда ақпараттық технологиялар кеңінен таралып, пластикалық карталы құжаттар да көп қолданылып келеді. Сондықтан азаматтардың жеке бас мәліметі һәм мемлекеттің құнды құпиясы қолды болмас үшін қауіпсіздікті жан-жақты күшейту қажет. 

Дереккөз: 24.kz

15 қаңтар 2018, 13:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.