Атырау, 26 қараша 18:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

«Жасырын» және «шынайы» саясат туралы

4 655 просмотра


2018 жылы билік транзиті басталған кезде Қазақстанның саяси өмірі қандай болады? «АЖ»-ның осы және басқа да сұрақтарына саяси ғылымдар кандидаты, Орталық Азия демократияны дамыту қорының жетекшісі Толғанай ҮМБЕТАЛИЕВА жауап береді.

- 2017 жылы Қазақстанның саяси өмірінде орын алған оқиғалар ішінде сіз үшін күтпеген нәрсе не болды?

- Мен үшін күтпеген жайт - Қырғызстанмен қақтығыс болды. Дәлірек айтқанда, Қазақстанның Қырғызстан президентінің мәлімдемесіне реакциясы болды. Ішкі саясатта - латын алфавитіне көшіру. Өз басым осы шешімді қолдаймын, бірақ көп уақыттан бері айтылып жүргенімен, мұның күтпеген жерден болғанын мойындау керек.

- Сіздің ойыңызша, қазақ-қырғыз мемлекетаралық қарым-қатынасы нашарлауының шынайы себептері қандай?

- Әрине, қырғыз қоғамының, олар төңкеріс жасаған кезеңде Қырғызстанға қатысты біздің басшылығымыздың шешімдеріне қандай да реніштері болды. Олар ресми түрде айтылған жоқ, бірақ қарапайым адамдар арасында талқыланды. Оның үстіне, Атамбаевтың оппоненті болған президенттікке үміткермен Назарбаевтың кездесуін Атамбаев өзіне, шешіміне «қарсылық» білдіру деп қабылдады. Қырғызстандағы көптеген әріптестерімен жанжалдасып үлгерген бұрынғы президенттің қызба әрі болжап болмайтын мінезін ескерсек, дереу реакция туындады. Бұған қоса, бұрын Қырғызстандағы біздің лауазымды тұлғаларымызға қатысты, олардың осы елдің ішкі процестеріне араласуы туралы оқиғалар болған еді. Сондықтан Атамбаев өзінің талаптары мен пікірінің негізділігіне сенімді болды. 

- 2018 жылы бізді қандай саяси өзгерістер күтіп тұр?

- Негізгі бағыт, ең алдымен, саясатсыздандыру

саясатын жалғастыру болады, яғни, кез-келген нәрсе туралы әңгімелеуге, талқылауға болады, бірақ саясат туралы емес. «Жасырын саясат» әсері. Сондықтан саяси өзгерістерге, реформаларға қатысты қиындықтар болады. Алайда әр жылды ықтимал реформалар туралы белгілі бір мәлімдемелер жасалады деп күтумен бастаймыз. Өйткені 2017 жыл да президенттің өкілеттіктерін басқа саяси институттарға қайта бөлу туралы мәлімдемеден басталды, бірақ нәтиже белгісіз және түсініксіз боп қалды.

Келесі жылы құқыққорғаушыларды, блогерлерді, журналистерді, қоғам қайраткерлерін қылмыстық қудалаудан толық бас тартқанын көргім келеді. Екіншіден, саяси кеңістік кеңейсе – ол бүгінде өте тар, кейде ол жерде «Нұр Отанға» да орын жоқ сияқты боп көрінеді. Үшіншіден, бұл кеңістікті ырықтандырса деймін. Қоғамдық кеңестер арқылы үкімет пен қоғам арасындағы диалогтың жалғасы болады деп үміттенемін. Әрине, бұл құрал әлі де жетілмеген, онымен жұмыс істеу керек және одан ешқашан бас тартпау керек. Алайда, бір құрал жеткіліксіз, мемлекет пен қоғам жұмысының әртүрлі формалары мен әдістерін кеңейту үшін басқа да құралдар мен механизмдер қажет. Биліктің саяси реформа мәселелеріне өте сақ екені түсінікті. Осы саладағы жаңсақ шешімдердің тәуекелі олардың көзқарасы бойынша өте жоғары. Сондықтан бұл мәселеде ол өз ұстанымын ашық және тікелей айта алмайды. Бірақ әртүрлі министрліктер, әкімдіктер қолданып отырған диалог нысаны саяси салада осы тәуекелдерді төмендетуі мүмкін. Бір нәрседен бастау керек, өйткені бүгінгі күні саяси жүйенің дамуына түрткі болатын барлық күш жабық тұр. Алайда жүйедегі кез-келген саяси қайшылықтарды мемлекет кейде сыбайлас жемқорлыққа айналдырып жіберуге үйренген. Бірақ көбінесе оларды басқа да маңызды емес тақырыптарға «араластырып», осылайша халықтың назарын басқа арнаға  аударады. Қоғам әртүрлі мемлекеттік органдардан келетін қарама-қайшы сигналдар ағынында жиі жоғалады. Бұл тәсілдің, әрине, қысқа мерзімді әсері бар. Бірақ менің ойымша, «жасырын саясат» стратегиясы келесі жылы да негізгі бағыттардың бірі болып қалады деп ойлаймын. Ел ішіндегі басқа да саяси субъектілер осы ұстаныммен келіседі, өйткені олар нақты саясат «Х күнінен» кейін басталатындығына, ал оған дейін, жоғарыда айтып өткенімдей, «жасырын саясатты» «ұстану» керек екендігіне сенімді. «Нақты саясат» әрдайым болашаққа қарайлайды, бірақ ол «болашақтың» қашан басталатынын ешкім білмейді.

- Сіздің пікіріңізше, билік транзиті қашан басталады?

- Қиын сұрақ. Мұны ешкім білмейді деп ойлаймын. Бірақ бұл күнге саяси элитаның өзі дайын ба, бұл басқа мәселе. Өйткені, бүгінгі күні саяси элита әртүрлі әлеуметтік жанжалдар мен проблемаларға дайын болуға үлгермей жатыр. Дұрысында, ол оқиғалардың алдын алуы, болжай білуі тиіс. Мұндай жағдайда басқа институттар басқарудың саяси функцияларын өз қолына алуы мүмкін. Қазіргі кезде саяси мәселелер билік құрылымдарымен шешіліп, ұқсас үдерістер жүріп жатыр. «Транзит» басталған жағдайда, менің ойымша, бұл жақсы негіз емес.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ» меншікті тілшісі, Астана қ.

29 желтоқсан 2017, 12:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.